Адасқандардың жартысы түрмеде өз қателіктерін түсінді

Oinet.kz 07-05-2019 935

572277c8c66feec0c2e3a73139857849_original.jpeg

Ел аузында «жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады» деген сөз бар. Дін өте нәзік сала. Дінге күштеу жүрмейді. Тіпті керағар діндердің идеясына бой алдырып, заңға қайшы әрекет жасағандарды соттаумен, заң алдында тиісті жазасын берумен мәселе шешілмейді. Адасқандарға тура жол көрсетіп, оң бағыттағы өз ортасымен, қалыпты тіршілігімен қауыштыру керек. Оңалту шараларын үзбей жүргізген ләзім. Қазақстанда осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар жемісін бере бастады. 

Жуырда Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің  бас прокурорларының 13-отырысы ұйымдастырылды.  Бұл алқалы жиын Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің  бас прокурорларының  үйлестіру кеңесінің 25-отырысына ұласты.  Оған мемлекет басшысы Н.Назарбаев  арнайы қатысты.

-Сіздер осы форматта 20 жылға жуық уақыт бойы кездесулер өткізіп келесіздер. Ал 15 жыл бұрын ТМД-ның халықаралық органы мәртебесіне ие болдыңыздар.  Әрбір отырыс арқылы қарым-қатынасты нығайта түстіңіздер. Сонымен қатар, 2001 жылдан бері Шанхай ынтымақтастығы ұйымы жұмыс істейді, ол халықаралық аренада елеулі күшке айналды. Соңғы отырыста ұйымға жаңа мүшелер қабылдау жөнінде шешім қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында. 

Елбасы сонымен бірге терроризммен және экстремизммен, сондай-ақ трансұлттық қылмыстың өзге де түрлерімен күрес мәселелері бойынша бірлескен тиімді қадамдар жасаудың маңыздылығына тоқталып,  бұл кездесу прокурорлардың өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Жиында сөз алған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша, Қазақстанда теріс ағымдардың жетегінде кетіп, заңға қайшы әрекеттері үшін бас бостандықтарынан айырылған азаматтардың жартысы түрмелерде өз қателіктерін түсінген. 

-Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып Қазақстан дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткендерге әлеуметтік оңалту шараларын жүргізіп келеді. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде қамауда отырғандардың жартысы өздерінің ұстанымдарынан бас тартты,--деді Асхат Дауылбаев.  

Қазіргі уақытта Қазақстанда 21 діни ұйым террорлық, экстремистік деп танылып, олардың жұмысына респубика аумағында тыйым салынған. Сонымен бірге сот арқылы Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстарға шақырған бейнематериалдар заңсыз деп танылған. 

-Алайда экстремизм мен терроризмнің қаупі сейілді деуге болмайды. Халықаралық лаңкестік ұйымдар әлемнің әр түкпірінде, әсіресе Таяу және Орта Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Африка елдерінде олар  белсенді әрекетке көшті. Қазір біз үшін басты проблема--азаматтарымыздың террорлық ұйымдардың қатарында шет елдегі соғыстарға қатысуы. Тиісті органдар мұның алдын алу үшін қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр,--деді бас прокурор. 

Мұрағаттан, 2015 ж

«Талақ» деп, некені тәлкек еткендер
Дәстүрлі дін, мәзһаб, ақида, діни әдебиеттерге қатысты сұрақтарға жауап
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу