Мақсұт Ордабаев: «Асанбай Асқаровтың кезіндегі жоба енді қолға алынуда»

Oinet.kz 17-04-2020 1146

Қазақстанның басты қазынасы – жер асты байлығы екені баршаға мәлім. Минералдық шикізат қорлары еліміздің ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Егер де елімізде шикізат терең өңделіп дайын өнімге айналдырылса, бірнеше есе байлыққа кенелері анық. Қазіргі таңда елімізде электр қуатын өндіру саласы бойынша атқарылуы тиіс істер баршылық. Біз осы саланың бүгіні мен ертеңі жайлы электр - инженері, ТМД және Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Мақсұт Ордабаевпен сұхбат құрған едік.

Screenshot_7.jpg

– Мақсұт Құтымұлы, энергетика саласында жауапты қызметтерді атқардыңыз, яғни бүгінгі таңдағы жай-күйі туралы жақсы білесіз. Тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыттың ішінде Қазақстанда электр қуатын өндіретін су электр стансасының салынғанын естімеппіз. Әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асырып жүрген Қазақстан неге бір су электр стансасын сала алмады?  

– Кеңестік дәуірде елімізде энергетика саласы жақсы дамыған. Қазір Қазақстанда 20 000 МВт электр қуаты бар болса, соның шамамен барлығы дерлік сол дәуірде салынған. Оның 70 пайызы көмір жағу арқылы өндіріледі. Экологияға әкелетін зардабы көп болғандықтан, қазір дамыған елдердің өзі көмірден бас тартып жатыр. Соған байланысты еліміздің тәуелсіздік жылдары салынған станцияның бірі – Мойнақ 300 МВт жоспарланып салынғанымен әлі оған жете қоймады. Одан басқа ауыз толтырып айтарлық жоба жасалмады.

Қазақстанның соңғы 30 жылдағы дамуын айтар болсақ, практика жүзінде бір айтуға тұрарлық өндіріс салынбады. Мұнай, газ, уранды сатып, шикізаттың арқасында өмір сүріп жатырмыз. Біздің мемлекеттік бюджеттің 70-80 пайызы жер асты байлығымызды шетелге сату арқылы толып отыр. Оңтүстік өңірде шынын айтқанда, Шардарадан басқа электр қуатын өндіретін орын жоқ. 

Қысқаша айтар болсам, энергетикадағы үш бағытқа жұмыс істеуіміз қажет. Бірінші, баламалы энергетика. Екінші, атом электр станциясы және үшінші бағыт – энергия үнемдеу мәселесі. Біз осыларды қолға алсақ алға жылжимыз. Беларуссияда АЭС соғып, бірінші блогын қосып қойды. Бізде «Росатом», «Марубени», «Кавасаки» сынды шетелдік компаниялар ұсыныс жасауда. Бір бағытқа келісіп, ертерек жұмыс істеуіміз керек.

Энергетиканың даму бағыты бойынша ең алдымен, баламалы қуат көздеріне көңіл бөлуіміз керек. Оның ең ірі тетігі – шағын және үлкен гидроэлектрстанциясы мен күн сәулесінен, желден  электр қуатын шығаратын  станция салу. Бұл бағыт осыдан 10-15 жыл  бұрын қолға алынған. Осы туралы заңның қабылдануына да тікелей қатыстым. Осы тетікті дамыту үшін заңды актілер бар, барлық мүмкіншілік пен жағдай жасалған.  Электр энергетикасын үнемдеу мәселесі де жолға қойылып, заң қабылданған. Еліміздегі кез-келген өндірісте 50 пайыз энергия үнемдеу мәселесі қолға алынуы керек. Ол совет үкіметінде бейпіл қаралған болар. Қазір артық энергия жұмсап ешкім өндіріс жасамайды. 

– Түркістан облысы электр энергиясының басым бөлігін сырттан тасымалдайды. Өзіңіз айтқандай, Шардарадан басқа қуат өндіретін ірі станса жоқ. Асанбай Асқаровтың кезінде Өгемнен ГЭС салу жөнінде жоба болған дейді. Кезінде облысты басқарған Ж.Түймебаев осы жобаны қайта қолға алып еді, әкімдіктен кеткен соң бәрі ұмытылды. Бұл жобадан сіздің хабарыңыз бар ма? 

– Мына Өгем станциясын салу жобасы Асанбай Асқаровтан бастау алынғанымен, кейіннен  қалып  кетті.  Жылқышиевтің кезінде Көксараймен қосып салу бойынша, біраз әрекет жасадық. 2008-2010 жылдары Елбасы бастамасымен, сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің ықпал етуімен, Көксарай салынды, ал Өгем қалып қойды. Енді қазір облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен облыстық мәслихат депутаты, меценат Серікжан Сейтжановтың қолдауымен біз Өгем станциясын қайта қолға алып отырмыз. Алдын ала проект бойынша, ол жерде үлкен станция, яғни өзен бойында каскат, су электр стансалары салынады. Бұл бойынша нақты нәтиже  6-ға дейін болуы мүмкін. Мен осы істің басы  - қасында жүрмін.

Біздің облыста басқа да бағыттар бар. Мысалы, Отырарда өзге компанияның қолдауымен күн сәулесін өндіретін станция салынуда. Желден энгергия алып жатқандар да бар. Міне, осы секілді баламалы энергетиканы оңтүстікте ғана емес, Қазақстан деңгейінде дамытуымыз керек. 

– Егер жаңылыспасақ, уақытында атом энергиясы жөніндегі комитетте істедіңіз. Атом стансасын салуға Өзбекстан қызу кірісіп кетті. Біздің мың ойланып-толғанғанымыздан не нәтиже шығады? 

– Өзбектер қазір атом станциясын салуға кірісіп кетті. Олар Ташкенттің айналасында орыстармен бірлесе, үлкен станция салмақшы. Біз де қарап отырмай, әрекет жасаудамыз. АЭС салуға сай келетін жер де жоқ емес, Шығыс Қазақстанда Курчатов деген қала бар. Сосын Алматы облысы Балқаш ауданында Үлкен деген поселкада кеңес үкіметі уақытында жобаланған станцияның орын бар еді. 

 Біз қазір келешекті ойлайтын болсақ, міндетті түрде атом станциясын салуымыз керек. Бізде уран өндіру саласы дамыған. Әлемде уранның сапасы бойынша екінші орында, ал өндіру деңгейі бойынша 1-ші орындамыз. Қарап отырсақ, біз уранның барлығын басқа елге сатып жатырмыз. Мәселен, бір долларға уран өндіріп, сол бір долларға сатудамыз. Ал егер біз одан бір өнім шығаратын болсақ, ол екі немесе одан көп долларға көбейер еді. Баяғыша, кеңес өкіметіндегідей «сырьевой придаток» болып, қысқасы, өндіріс жағынан ақсап отырмыз. Жасыратыны жоқ, біз технологиядан қалған елміз. Жапондардан, Кореядан, Батыстан 15-20 жылға кейін қалып кеттік. Егер де үлкен станция салсақ, ол өзіміздің технологиялық өндірістің жеңісі болмақ. Уранымыз бар және электр қуатын өндіретін ірі станса салуға шамамыз жетеді. Ал халықтың тарапынан қорқыныш бар болғандықтан, түсінбеушілік, қарсылық шығып жатады. Бірақ дамыған елдерде бұл мәселе шешілген. Егер де барлық ереже сақталсып, МАГАТЭ талаптары орындалса, одан қорқатын ешнәрсе жоқ. Ол – біздің келешегіміз. Жалпы, атом электростанциясы экологиялық, ең таза электр қуатын шығарады. Мәселен, Еуропаның ортасында орналасқан АЭС бар. Шу шығарып жатқан ешкім жоқ. 

– Кентау қаласының әкімі қызметін де атқардыңыз. Түркістанның облыс орталығы болуы Кентаудың келешегіне қаншалықты әсер етеді?    

– Кентаудың келешегі мол. Аумағы кеңейіп, саны өсіп, қазір бірқатар ауылдар қаланың құрамына беріліп отыр. Егер де орта және шағын бизнесті ары қарай алып кететін болса, болашағы жарқын қала. Кентауда баяғыдан келе жатқан жылу мәселесі бар. Облыс әкімі қазір оны қолға алып жатыр. Негізі Кентауға да станция салуға болады. Оның бер жағындағы Түркістанға да жылу электр станциясы салынуда.  

– Қалай ойлайсыз, коронавирустан немесе карантиннен кейін Қазақстанды не күтіп тұр?

– Біреу ілгері, біреу кеш бұл індеттен барлығы құтылады. Экономикамызға әсерін тигізбей қоймасы анық. Бұл адамзатқа жоғары жақтан келген ескерту деп қабылдайық. Қазаққа керек нәрсе – бірлік. Президентіміздің көшбасшылығымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің келешегіне жұмыс істеуіміз керек. Бұл үлкен сілкініс болғанымен, ойсырап қалған ешнәрсе жоқ. Жалпы, елдің болашағы гигиенаға, тазалыққа  байланысты, өзімізге өзіміз ие болуға ескерту жасалды. Коронавирус жаңадан келген грипптің бір түрі. Аман болайық. Еліміздің әр отбасына аманшылық  тілеймін. Ары қарай жұмыс істеп, Қазақстанды өркендетуге үлес қосамыз деп ойлаймын. 

Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ,

Рейтинг газеті

Арман Сқабылұлы. «Махан» не деді немесе Жаза
Әли Бектаев, сенатор: «Жанармайды 50 пайызға арзандату қажет»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу