Әли Бектаев, сенатор: «Жанармайды 50 пайызға арзандату қажет»

Oinet.kz 17-04-2020

Screenshot_8.jpg

Биыл ауыл шаруашылығына берілген 51 млрд теңгені шаруашылық иелерінің 1 пайызы ғана бөліп алған. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге көктемгі дала жұмыстарының проблемасын депутаттық сауалында қозғаған сенатор Әли Бектаев айтты.

– Көктемгі дала жұмыстарына қаралған 170 млрд теңге қаржының басым бөлігі Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие серіктестіктеріне, екінші деңгейлі банктерге бөлінгелі отыр. Бұл өз кезегінде ірі тауар өндірушілеріне басымдық беріп, ұсақ шаруашылықтарды қаржылық қолдаудан шет қалдырады деген сөз. Мысалы, осы уақытқа дейін таратылған 51 млрд теңге несиені тек 1822 ауыл кәсіпорындары пайдаланған. Бұл барлық қожалықтардың 1 пайызы ғана. Екінші деңгейдегі банктер арқылы 77 тауар өндіруші орта есеппен, 288 млн теңгеден қаржыландырылып, барлық несие көлемінің 41 пайызын пайдаланған. Ал шағын қожалықтарға 3 пайызы ғана бұйырған. Ұсақ шаруашылықтардың көпшілігі несие серіктестіктеріне мүше емес. Банктердің талаптары олар үшін өте жоғары, – деді ол Сенат отырысында.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 70 пайызының қаржылық жағдайы нашар. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер мен минералды тыңайтқыштар бағасының шарықтап өсуі көп қожалықты, әсіресе шағын шаруашылықтарды тұралатып, қаржы дағдарысына ұшыратқан.

–  Бұған дейін көктемгі дала жұмыстарының 80 пайызын шаруалар өз қаржысымен атқарып келген. Биыл ол 50 пайызға жетпеуі де мүмкін. Оның үстіне, мемлекеттік субсидиялар кешіктірілуде. Біраз бағыт бойынша оларды бөлудің тәртібі де бекітілмеген. Жалпы, биылғы жылы қаржының 3/1 бөлігі бөлінгенімен, жалпы 10 пайызы ғана игерілген. Осыларды ескере отырып көктемгі дала жұмыстарының барысын өзіңіз тікелей бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз. Несиелендірудің тәртібін қайта қарай отырып, оны алуды жеңілдету қажет деп есептейміз, – деді депутат.

Бектаев Үкімет басшысынан несиелендіру тәртібін қайта қарап, субсидияларды әкімдіктердің кепілдігімен шаруаларға алдын ала беруді ұсынды. 

– Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген жанар-жағармайдың бағасы әлі де қымбат. Соңғы екі айдың көлемінде әлемдегі мұнай бағасы екі жарым есе төмендеді. Ал біздің мұнай өнімдерін шығаратын дизельдік отынның бағасы 10 пайызға ғана арзандады. Биыл 1 наурызда дизель отынның бір тоннасы 194 мың теңге болса, бүгінде 174 мың теңгені құрап отыр. Яғни, бір литріне 145 теңгеден келеді. Оған транспорт және сақтау шығындарын қосқанның өзінде 160 теңгеден аспайды. Олай болса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері неге 165 теңгеден алулары керек? Өзімізді өзіміз алдаудың қажеті қанша? Біздің ойымызша, көктемгі дала жұмыстары үшін арзандатылған жанар-жағармайдығ бағасы көшедегі май құю бекеттеріндегі емес, мұнай өңдеу зауыттарындағы бағадан 15 пайызға төмен болуы тиіс. Осылардың барлығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін жанармайдың бағасын қазіргімен салыстырғанда 50 пайызға дейін арзандатып, шаруаларға уақытылы жеткізудің мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз, – деді Ә.Бектаев.

Алғашқы өнім мәселесі де Сенат депутатының назарынан тыс қалмады. Шаруалар төтенше жағдайға байланысты қойылған блок бекеттерден өте алмай, көп қиындық көрәп жатқанын жеткізді. Ауыл щаруашылығы өнімдерін тез бұзылатындықтан ауыл өнімдерін кедергісіз өткізіп, нарыққа шығарудың мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, сенатор шетелдерден әкелінетін минералды тыңайтықыштар мен қосалқы бөлшектерді шаруаларға тез жеткізудің жолдарын табу қажет деп есептейді.

Мақсұт Ордабаев: «Асанбай Асқаровтың кезіндегі жоба енді қолға алынуда»
Дархан Мыңбай: «Спортта басы артық, қажеті шамалы, қосамжар құрылымдар тым көп»

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×