Мейірхан Мейрамбекұлы: Аударма - ықыласымды жеткізуге мүмкіндік!

Oinet.kz 03-06-2021 2454

Screenshot_4.jpg

- Мейірхан,  қайырлы кеш! Өзіңіз сүйетін қасиетті мекен - әзірбайжан елінен жалынды сәлем! Жаңа баспадан шығып жатқан "Ақиқаттан аттамайық, бауырым!" атты кітабыңыз құтты болсын!  Сіз үшін Әзірбайжан деген де жадыңызға не оралады?

- Қайырлы кеш, Сефа ханым! Әзірбайжан десе - Баку, Казах ауданы, Қарабах және Медине Гүлгүн  елестейді. Әзірбайжан халқының топырағы - бауырлас елдің топырағы. Низамидің елі. Низамиді ес білгелі оқып келемін. Енді  келесі кітабымда әзірбайжан халқының  нақыл сөздерін және Рәсимә Сабыр, Медине Гүлгүннің өлеңдерін қосып, " Жанымның жақұты" атты  кітап  шығаруды ойға алғалы көп болып қалды. Былтырғы жылы өзім оқитын -  Қазақстандағы Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры - Рабиға Қуатбекова ханым осы кітапты шығаруға жәрдемдесуге ниет білдірді. Былтыр денсаулығыма байланысты көп нәрсеге мүмкіндігім болмады. Сол себептен кейінге шегеріліп қалды. Биыл қарашаның ішінде шығарамыз деп үміттенемін. Жиырма екі жылдық тарихы бар іргелі оқу орнымнан талай сөз зергерлері қанаттанып ұшқан. Біз үшін қараша ерекше ай. Он үші - университетіміздің негізі қаланған күн!

Ал, "Ақиқаттан аттамайық, бауырым!" -  тағдырлы адамдардың шексіз сезімі, сенімі, ықыласы көрініс тапқан кітап. Әзірбайжан әдебиетінің қызғалдағы - Медине Гүлгүннің хаттары мен орыс ақыны - Анна Ахматованың әйгілі туындысы -  "Реквиммен" қатар жазылған хатын аудару бақыты бұйырып, "Қызмет" баспасынан Бейсенкүл Нарымбетова әпкеміздің бір ауыз сөзімен  жарық көрді. Кітапқа түрік, грек, парсы халықтарының нақылдары мен бірге көптеген елдің ақын- жазушыларының шығармалары енді. Тұсаукесері  кеше ғана өтті. Аударма - бақыт. Мен үшін жазудан асқан құдірет жоқ. Жаным жазумен рахаттанады.

- Биыл әзірбайжан әдебиетінің  қызғалдағының мерейлі жылы. Көзі тірі болғанда тоқсан бес жыл толып отыр. Сіздің де кітабыңыз осы мақсатта шыққан көрінеді. 

- Иә, дәл солай!  Адалдықты өмір бақи жырлап кеткен  ақынның өмірінің бір белгісі - "Тырналар қайтқанда" өлеңі. Сол өлеңмен ақын жалпы адамзатқа өз үнін қалдырды. Тоқсан бес жылдық мерей тойға алғашқы  сыйым деген дұрыс болар! 

- Кітапқа қайта оралсақ, атауының өзі терең мағынаға ие, сіз үшін ақиқат деген не? 

- Адам болған соң ақиқатты әркім өзінше түсінеді. Өзінше қабылдайды. Бұдан төрт жыл бұрынғы сұқбатта да ақиқатқа, әділетке көбірек  тоқталған едім. Биылғы сұқбатта бір нәрсені қоса кеткім келеді. Әділдік пен ақиқат - егіз. Олар бөлінбейді. Арсыздық пен аярлық қаптаған жерде адамның ықыласы түкке тұрмайды. Ықыласымыз діттеген адамға жетсін десек, жан  тазалығымызды сақтауымыз керек. Қазіргі пандемия кезеңі адамзатқа ең үлкен нәрсені адамшылықты түйсіндірді. Осы түйсінген нәрсемізді ұмытпасақ екен деймін.

- Сіздің ықыласыңыз қаншалықты бағаланады?

- (Күлді.) Менікі де әркез де әрқалай. Ол адамдардың санасы мен көкірек көзіне байланысты.

- Өміріңізге өкпеңіз бар ма?

- Жоқ! Маған Алла сынақ арқылы үлкен күш берген деп ойлаймын. Соқырлықты да, төсекке таңылуды да бастан кештім. Бірақ жақсы адамдардың арқасында аяққа тұрдым, әлемді көрдім. 

Screenshot_1.jpg

- Мұқабадағы суреттерге тоқталсаңыз, ақынды таныдым. Алайда,  жігіт кім? Не себептен бұлай салынды?

- Суретте қызғалдақ ақын бейнеленген. Сіз ақынның хаттарын оқыған шығарсыз деп үміттенемін.

Түрікшеге Арзу Каялар аударды. Ал, екінші жағына хаттағыдай прокурор жігіт бейнеленді. Түркістан облысы, Түлкібас ауданының прокуратурасында жұмыс жасайтын азамат - Бексұлтан Сапарбек.  Өмірде де дәл осы суреттегідей жан. Жасандылығы жоқ. Медине Гүлгүн айтқандай, " Көңіл көзімен  қарай алған адамның бәрі - жақсылық үшін өмір сүреді" - демейтін бе еді?!  Адамшылығы жоғары. Ойлана алады.  Қатарластарына қарағанда тұлғалық қадір-қасиеті биік.  Расул Гамзатов: "Тау баласының танымы да, талғамы да биік болады" деген сөзін ол азамат ісімен дәлелдеп жүрген жайы бар.

- Ол кісімен өмір жолыңыз қиын кезде тоғысқан тәрізді. Адам болған соң  жақсы адаммен бұдан басқа уақытта кездессем  деген ниет болады ғой. Сіздің ойыңызда осындай ой болмады ма?

- Әрине! Болды. Алғашқы кезде мен ауыр ойда болдым. Неге десеңіз,  Бексұлтан Лев Гумилевтің жас кезіне қатты ұқсайды. Мәселемен барған күні бір ескі танысымды көргендей болдым. Өмірдегі ең сыйлас атам - Мырзагелді Кемел атама болған жайды айтып, кездесуден бір апта өткен уақытта  ықыласымды жеткізу үшін аудармаға отырдым. Өмір адамдарды әр түрлі жерде кездестіреді. Бәріне шүкір деген ләзім.

- Бүгінгі қоғамда ақиқаттан аттайтындар көп пе?

- Адам бар жерде ондай нәрселер болады.

Screenshot_2.jpg

-  Сіз бұл аудармаңыз арқылы ол прокурорға  не айтпақ болдыңыз?

- Бұл жерде таза тілек. Шыңнан көрінсін деген ниеттен туды. Ұлы екі бірдей ақынның тілегін айтқым келді. Тілегім келді. Маған басыма іс түскенде айтқан бір ауыз сөзі жігерлендірді. Бексұлтанға ақыл айтқан артық. Мен тек аудармамен  ой сала алам.

Тұғыры биік, тамыры құтты өлкенің перзенті болған соң сөзді тереңнен түсінеді деп санаймын.

- Кездесуде сізге прокурор аудармаға азық болар қандай сөз айтты? 

- Прокуратура - әділет  ордасы. Прокурор - әділет жақтаушысы.  Адам үшін дер уақытында айтылған әрбір сөз маңызды. Ол айта алды. Бастысы - сол!  Мен әрдайым адамның үні мен жанарына баса назар саламын. Тазалық іздеп тұратын әдетім. Бүгінгі адамдар бір-біріне жылы сөз айта алмаудан азап шегуде.  Оны бәріміз мойындауға тиіспіз! 

- Прокурорлық туралы біздің әдебиетіміздегі  Мехрибан Гулиеваның "Өмірлік серігім - прокурор" кітабының кейіпкерінің есімімен аттас болуының сыры бар ма? 

Тарихқа сәл шегініс жасайық, әділеттің ақ туын желбірет деген ниетпен бауырына бармақтай бақ тілеп жазған қызғалдақ ақынымыз - Медине Гүлгүн. Мехрибан Гулиеваның  сол шығармасын дәл қазіргі уақытта  түрік тіліне аудару үстіндемін.  Енді әділетті айту қандай қиын болса - ақиқатты қорғауда сондай қиын. Мехрибан Гулиеваның кітабының соңғы жолында "Прокурор болу - бір күнде мың құдық қазумен тең. Ақиқаттың соңында жүру оңай емес. Ұйқы жоқ. Қылмыскердің кінәсін мойынына қоя білудің өзі де - күрделі жұмыс. Қылмысын адам тез мойындай қоймайды. Азғындармен алысудың азабын олардың жанары айтады. Алаяқтардан жүректері  безер болады.  Суайттардың сырын  ауыз ашқанан таниды. Қоғамның  әділетті болуын  қаншалықты қаласақ, соншалықты заңды және заң қызметкерлерін сыйлай білуіміз  керектігін толық  түсінуімізге тура келеді". Менің де ойым - осымен тамырлас.

-  Аудармаңыз сәтті түрікше сөйлесін! Мейірхан, сіз қоғамнан көп  теперіш көп көресіз бе?

- Жоқ. Тіптен олай емес. Бірақ бірінші топтағы мүгедек болған соң кейде адамдардың менсінбеушіліктерімен кездесіп қалып жатамыз.

- Сізді не қажытады?

- Мені адамдардың уәдесінде тұрмауы мен жан жарасын тырнауы қажытады.

- Сіз мықты болу үшін не керек?

- Ата-анаммен дұғама қосатын жандардың аман- саулығы керек.

-  Сіз соңғы сұқбатта Қарағандылық едіңіз. Бүгін Оңтүстікке қоныс аударған сыңайлысыз. Шығармашылыққа Түркістан топырағы қалай әсер етуде?

- Өте жақсы! Қазақ даласы кең. Түркістан сәт санап түлеп келеді. Даму бар, өсу бар! 

Қазір Түркістан облысының Түлкібас деген керемет мекенде тұрамын. Қарағандыны ұмытқан жоқпын. Ол жақта көп үлкен жетістіктерге жеттім. Әлі де жиі байланыс жасап тұрамын.

- Кітап суретін өзіңіз салдыңыз ба?

- Ал, суретке келсек, Мейраш Тастемирова есімді әпкеміздің бір жарым апта үзіліссіз жесаған еңбегі. Мен ешкімнің еңбегін жегім келмейді. Мейраш әпкенің қолынан шыққан әрбір еңбегінен бір сыр танисыз, ой жинайсыз.

- Жақсы адам деген кім?

-Жақсы адам -  Тәңірдің саған жолықтырған қуанышы. Әр адам - өмірде өзінше із қалдырады. Жақсылықтың бәрі мейірімнен шығады. Мейірімді адамдардың барлығын жақсы адам деп білемін.

- Қазақстандық аудармашылардан  кімді үлгі етесіз? 

- Маржан Ершу мен Айнаш Қасымды жиі оқимын және үлгі етемін.

Screenshot_3.jpg

- Аударма сізге не береді?

- Ішкі жан мұңымды жеңілдетеді, ертеңге үміттендіреді. Ықыласымды жеткізуге мүмкіндік береді.

-  Сал ауруын үкім деп қабылдап жатады. Сіздіңше, бұл дерт үкім бе?

- Жоқ! Дертпен өмір сүруді үйрену керек. Қаласаң - жетістікке осы қалпыңда жетесің, қаламасаң - ешкімге керек емес болып қаласың. Таңдауыңа байланысты.

-  Дәл қазір сізге не керек?

- Әркезде адамдығы биік адамдар мен  солардың  амандығы керек! 

- Өмірде ерекше қуандыратын нәрсе?

-Мен қадірлейтін адамдардың ықыласыма дәл өзімдей жауап беруі қуандырады.

- Өмірлік ұстанымыз?

- Кеудемдегі  мейірімімді өлтіріп алмау.

Сұқбаттасқан Сефа Вефалы.

Аударған Индира Сағатбек

Нұржан Ізтаев: Салғырттық – өнерге жасалған қиянат
​Сайлаубек Жақсыбеков: Қазақтың домбырасы жетімнің күйін кешіп тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу