Кесене аумағын көріктендіру жайы талқыланды

Oinet.kz 18-05-2020 603

 image.png

Түркістан қаласы әкімдігінде Қ.А.Ясауи кесенесі аумағын абаттандыру жобаларын талқылау бойынша ғылыми-методикалық кеңестің жетінші отырысы өтті.

Оған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, қала әкімі Рашид Аюпов және архитекторлар, сәулетшілер мен жоба авторлары қатысты. Жиында Түркістан қаласының басты жәдігері - кесене аумағында жүргізілетін жұмыстар талқыға түсті. Мұндағы әрбір атқарылар істе ең алдымен тарихи ескерткішке залал тигізбеу қажеттілігі айтылды.

Таныстырылған жеті жоба да ғалымдар тарапынан оң шешімге ие болды. Дегенмен, алда арнайы мамандар мен ЮНЕСКО-ның ұсынған ғалымдары шақырылып, қандай технология пайдалану, қалай қазба байлығын сақтау қажеттігі бойынша ұсыныс беріледі.

Кесене тарихи ескерткіш болғандықтан онда іске асатын әр жоба Мәдениет және спорт министрлігімен, ЮНЕСКО және ғалымдар тарапынан қолдау тапқанда ғана іске асырылады. Яғни, онда егілетін әрбір ағаш, көгал, ландшафтар, ботаникалық бақ, жарықшам - жауапты мамандардың келісімі арқылы жасалады. Сол себепті, абаттандыру, кесенені сақтап қалу, ағаш егу барлығы да ғылыми түрде талқылануда.

Жиында ботаникалық бақ құру, Күлтөбе қалашығындағы археологиялық жұмыстар, Шығыс променады, кесене аумағын жарықтандыру, қайта жаңғырту сынды күрделі мәселе бойынша ұсыныстар айтылды. Айта кетейік, аталған жоба атаулары болашақта өзгеріске түсуі мүмкін.

Сондай-ақ, қаланың басты символының келбеті түнгі жарықшамдар арқылы ерекше кескінге ие болмақ. Оң шешім тапқан жоба жуық арада іске асса, туристер үшін кесененің келбетін айшықтай түсері анық.

Әзірет Сұлтан қорық-музейінің жұмысы Республика көлемінде бекітілген. Сондықтан, тарихи мұраны болашақ ұрпаққа қалдыру, насихаттау және сақтау назардан қалыс қалмайды.

Жиында ұсынылған концепциялар мақұлданып, ондағы дүниелерді пысықтау келесі отырыстарда да жалғасын табатын болады.

Түркістан облысының кәсіпкері тұрмысы төмен отбасыға баспана сыйлады
Кәсіпорын 5 млн тенге бөлді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу