Бір келін бір ауылды түзеді

Oinet.kz 28-08-2024 1711

Осыдан он бес жылдай бұрын көліктен түсіп жатсам анадайда келе жатқан орамалды жас қыз бүгіле қалды. Бір аптадан кейін бе қақпадан шығып шылым шегіп тұрсам, қолында сөмкесі бар дүкеннен келе жатыр екен, тағы сөйтті. 

Screenshot_1.jpg

- Әй, бір жас бала пайда болыпты ғой көшеде, аяғы ауыра ма, сүріне береді, - дедім үйге кірген соң әйеліме. 

- Қандай  бала? - деді ол. Осындай--осындай орамал таққан, деп сипаттап жатырмын ғой. Әйелім бетін шымшыды: 

- Сіздікі ұят болыпты, ол ана төменгі үйге түскен келін ғой, сізге сәлем салып жүр екен, бата беруіңіз керек, - деді. 

Қыздары керек болса өзіңе сәлем салдырып жіберетін орысы көптеу ауылда өскен менің көзім атыздай болды. 

- Қандай бата? 

- Бақытты бол, Алланың нүры жаусын, үбірлі-шүбірлі бол,  дегендей жақсы сөз көп қой. 

-  Өй, қой, айт маған сәлем салмай-ақ қойсын. 

- Жарайды. 

Келіншегім айтқанымен жас келін сәлем салғанын қоймады. Ақыры бата беруге мәжбүр болдым, одан әуездеп шұбыртып тұрып беретін болдым, одан басқа келіндердің сәлем салған-салмағанын қарайтын болдым.  Көшедегі үлкендердің барлығы өздерін қайынаға, қайыната, қайынапа  сезініп, түзеліп қалды. Әлгі бала келе жатса сәлем салып үлгерместен батаны шұбыртып жатады. Жұмыстан кейін үй жанында отырып бір-бір шиша сыра ішейік дейтін ағалар бұл әдетін сап тыйды. Бір келін бір ауылды түзеді. Кейін ата-енесі жастарды бөлек шығарды.  Көп көрмейтін болдық.  

Өткенде көліктен түсейін деп жатсам белесебет мінген бір кішкентай бала есікті аштырмастай ентелеп, "Ассалаумағалейкүм" - деп қолын соза амандасып жатыр. Үй, айналайын, уағалейкүмассалам, - деп басынан сипадым. -  Кімнің баласысың? 

Әке-шешесін атады. Әлгі сыпайы жігіт пен ізетті келіннің ұлы екен. Ата-әжесіне қонаққа келіпті. Қақпаны ашқан әйеліме: Қазақы иба мен инабатты сіңріп өскен бала осындай болады, дедім ризалықпен.  Осы кезде қараға оранған бір әйел аман-сәлемсіз зу етіп өте шықты. Бұрын бет-аузын жапқан мұндай адамды үй маңынан көрмеппін. Менің таңырқай қарағанымды байқаған келіншегім:   Арғы көшеге түскен түскен жас келін ғой, өткенде құтты болсын айтып барғанда еркектер бар екен деп, ақсақалдарға шай да құймай қойды,  - деп  жымиды. 

Он бес-ақ жыл өтті ғой.………….

Серік Әбікенұлы

Ата заң – тірегіміз!
Педагогикалық тамыз конференциясы кең көлемде аталып өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу