Автоматтандырылған жүйе заңбұзушылықтарды төмендетеді
Түркістан облысында жол төсемінің сапасын ұзақ мерзімді қамтамасыз ету, көлік саласындағы құқық бұзушылықтарды азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында автоматтандырылған өлшеу және салмақ бақылау жүйесі (АӨЖ) кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл – Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы аясында күн тәртібіне қойылған стратегиялық міндеттердің бірі.
Жоспар бойынша жүйе ең бірінші Арыс қаласына екі, Сайрам ауданына үш, сондай-ақ Ордабасы мен Сауран аудандарына бір-бірден орналастырылады деп белгіленген. Қазір Арыс қаласындағы облыстық маңызы бар екі автожол учаскесіне – КХ‑8 “Шардара–Арыс–Темірлан–М‑32” автожолының 208-шақырымы мен КХ‑92 “Арыс–Монтайтас” автожолының 38-шақырымына АӨЖ жүйелері толықтай орнатылып, іске қосылды. Енді ауыр жүк көліктерінің салмағын нақты және автоматты түрде өлшейтін бұл жүйе артық салмақ анықталғанда тиісті әкімшілік актіні автоматты түрде тіркейді, ал заң бұзушыға тиісті жауапкершілік көзделеді.
Жыл соңына дейін тағы үш жүйе нүктесі белсенді түрде іске қосылуы тиіс – бұл Сайрам ауданында жоспарланған үш жүйенің толық іске қосылуын білдіреді. Осымен көлік бақылау қызметі өңірде жаңа санатқа көтеріледі. Бұл жүйенің маңызды пайдасы – көлік инспекциясының жұмыс жүктемесін азайту, адам факторын төмендету, жол жамылғысының қызмет ету ұзақтығын ұлғайту және жөндеу мен жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін мемлекеттік шығындарды едәуір азайту.
Бұл жаңа жүйе заңды түрде бекітіліп, сертификатталған. 2025 жылғы ақпанда АӨЖ жүйесі ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінен интеграциядан өтіп, пилоттық режимде іске қосылған. Сондай-ақ, ол ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «Техникалық реттеу және метрология комитеті» мекемесі мен «Астаналық таразы зауытының» тексеру зертханасында толық тексерулерден өткен. АӨЖ жүйесі Көлік министрлігі бекіткен Бірыңғай талаптарға сай жұмыс істейді, ақпараттық қауіпсіздік деңгейі жоғары, Цифрландыру министрлігінің рұқсатымен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге толық интеграцияланды.
Заң бұзушылық тіркеу автоматты түрде жүзеге асады: АӨЖ арқылы анықталған салмақтық заң бұзулары «Жол және салмақ бақылауы» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әкімшілік құқық бұзушылықтар бірыңғай тізіліміне (ӘҚБТ) енгізіледі. Осымен айыппұлдар дербес адамның қатысуынсыз, электронды түрде салынады.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына сәйкес, АӨЖ орнатылған жол учаскелерінде 5.42 «Фото‑бейне тіркеу» ақпараттық жол белгілерін орнату көзделген, дегенмен жүйе стационарлық сертификатталған техникалық құралдармен жұмыс істесе, бұл белгі міндетті емес.
Жүк тасымалдаумен айналысатын жеке де, заңды тұлғалар да міндетті түрде тиеу нүктелерінен (карьер, қойма) берілетін жүкқұжат (накладной) негізінде жүкті тасымалдауға тиіс. Егер АӨЖ нақты салмақты бұл құжаттағы көрсетілгеннен артық тіркесе, тасымалдаушы сот арқылы бұл жағдайға шағым түсіруге толық құқылы.
Автоматтандырылған жүйе жүк көліктеріне нақты шекті салмақты бақылайды: алдыңғы оське – 10 тонна, ортаңғы және артқы осьтерге – 8 тонна, тіркемелерге – 9 тонна. Бұл дерекке сүйенген бақылау жол қауіпсіздігі үшін маңызды.
АӨЖ жүйесі – заманауи, ашық, әділ көлік бақылау жүйесіне түсуге деген маңызды қадам. Бұл технология тек Түркістан облысына ғана емес, бүкіл елге енсін. Президент Қасым‑Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, «Заң және тәртіп» қағидасы – мемлекеттің тұрақты дамуының, қоғамдық қауіпсіздіктің негізі. Құқық мәдениетін жоғары деңгейде ұстану, сыбайлас жемқорлық пен заңсыздыққа нөлдік төзбеушілік қағидаттары біздің шешімдеріміз бен саяси реформаларымыздың түп қазығы болып табылады
Осы автоматтандырылған жүйені енгізу – көлік саласындағы заң бұзушылықтарды төмендету, жолдарды қорғау және жемқорлыққа қарсы ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы айрықша қадам. Мемлекеттік қызметтер мен технология араласқан бұл әділдік пен тиімділікке негізделген жобалар еліміздің болашағына бағытталған.