«Түркістан инвестициялық тартымды аймаққа айналуы тиіс»
Түркістан облысында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеевтің кездесуі осы бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге арналды. Кездесу барысында тараптар өңірдегі кәсіпкерлік саласының бүгінгі тынысы мен келешегін, сондай-ақ бизнесті қаржылай және институционалдық қолдау тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Түркістан облысында бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау, процестерді оңтайландыру және кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешу басты назарда тұр.
Әкім атап өткендей, Түркістан – тек тарихи әрі мәдени орталық қана емес, ол сонымен қатар инвестициялық тартымдылығы жоғары, кәсіпкерлікке кең өріс ашатын аймаққа айналуы тиіс. Президент айтып жүргендей, қазіргі экономикалық саясаттың негізі – шағын және орта кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау, себебі дәл осы сектор жұмыс орындарын құрып, өңірлік экономиканың серпінді дамуына ықпал етеді. Осындай жағдайда мемлекет пен даму институттарының әріптестігі шешуші рөл атқарады. Бұл тұрғыда «Даму» қоры маңызды құрал ретінде кәсіпкерлерге қаржылай және консультациялық көмек көрсетіп, қолжетімді несиелендіруді қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінгі күні Түркістан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш республика бойынша облысты алғашқы үштікке енгізеді. Тек 2024 жылдың өзінде кәсіпкерлерге 699 жоба аясында 60,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген, ал 701 жоба бойынша 60,6 млрд теңгеге дейін кепілдік ұсынылған. Мұндай деректер нақты қолдаудың көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудағы кәсіпкерлік сектордың айрықша рөлін дәлелдейді.
2025 жылдың жеті айында ғана 181 жобаға 22,8 млрд теңге көлемінде қаржыландыру жүргізілген. Бұған қоса, жергілікті бюджеттен субсидиялау тетігіне 2,8 млрд теңге бөлінсе, республикалық бюджет есебінен 13,86 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы құралдары кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін жеңілдетуге, бастамаларын нақты іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда қосымша қаражат тарту мәселесі де қаралуда, бұл болашақта жобалардың санын арттырып, қолдау көлемін еселей түспек.
Кездесуде «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі де кеңінен талқыланды. Аталған бағдарлама арқылы өңдеу өнеркәсібі, көлік, туризм, денсаулық сақтау және білім беру сияқты стратегиялық салалардағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсынылады. Бағдарлама аясында 2025 жылдың соңына дейін 750 млрд теңге бөлінбек – оның 300 млрд теңгесі мемлекет тарапынан, ал 450 млрд теңге екінші деңгейлі банктер есебінен қаржыландырылады. Бүгінде Түркістан облысы бойынша жалпы сомасы 8,5 млрд теңге болатын 14 жоба мақұлдаудан өтіп, іске асырыла бастады. Бұл өңірлік кәсіпкерліктің даму қарқынын айқын көрсетіп отыр.
Кәсіпкерлік кез келген мемлекеттің экономикалық тірегіне айналуы тиіс. Ол – ішкі жалпы өнімнің өсуіне, салық базасының кеңеюіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың табысының артуына ықпал ететін басты сектор. Түркістан өңірінде бұл қағида нақты істермен дәлелденуде. Жаңа бастамаларға қолдау көрсету, инвесторлармен серіктестікті кеңейту, өндірістік және әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру – бәрі де кәсіпкерлік ортаға сенімділік ұялататын нақты қадамдар. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.