Түркістан: Мақта алқаптарының көлемі көбейіп келеді

Oinet.kz 03-10-2025 17

460234465_843750664610503_6257108156739654249_n.jpg 

Түркістан облысы қазіргі таңда еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналды. Оның географиялық орналасуы – маңызды көлік және сауда бағыттарының қиылысында жатуы – облыстың экономикалық және стратегиялық әлеуетін едәуір арттырып отыр. Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі өңірге жаһандық нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндік беріп қана қоймай, логистикалық тұрғыдан да ерекше артықшылық береді. Сонымен қатар Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы Түркістан облысы үшін де үлкен нарыққа жол ашып отыр – бұл 185 миллионнан астам тұтынушысы бар кең кеңістікте еркін сауда жасауға жағдай жасайды.

Соңғы уақытта Түркістан өңіріне шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Аймақтың индустриялық, аграрлық және логистикалық мүмкіндіктері, қолайлы іскерлік климат пен жеңілдетілген салықтық режимдер шетелдік капитал үшін тартымды факторлардың қатарына жатады. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық инвесторлармен кезекті кездесу өткізіп, өңірге инвестиция тарту мәселесін талқылады. Кездесу барысында Түркістанда интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құруға қатысты нақты ұсыныстар ортаға салынды. Жоба шеңберінде өңдеу саласын, логистиканы, электрондық сауданы және дайын өнім өндірісін дамыту көзделген.

Әкім өз сөзінде аймақтың өндірістік және ауыл шаруашылық әлеуетіне тоқталып, тоқыма өнеркәсібін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті:

– Қазақстан мақта талшығы бойынша экспорттаушы ел ретінде танылса, ал дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек сегментінде импортқа тәуелді. Елімізде шикізат қоры жеткілікті, сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар. Түркістан облысы еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушілерінің бірі. Әсіресе, мақта – өңір экономикасының маңызды саласы. Бүгінгі таңда мақта тек Түркістан облысында өсіріліп, өңделуде. Облыста осы жылы мақта алқабы 38 мың гектарға артып, жалпы 144,5 мың гектарда мақта егілуде, 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады деп күтілуде. 50 мың га алқапта озық технологияларды қолданумен егілуде. Жеңіл өнеркәсіп саласында да үлкен мүмкіндіктерге иеміз. Бүгінде өңірде 25 мақта өңдеу зауыты бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Атап өтерлігі, Түркістан облысы – республикада мақта өсірілетін жалғыз аймақ. Қазіргі уақытта облыстағы мақта теру науқаны басталып кетті. Егін жинау кезеңі шаруалар үшін жауапты әрі маңызды кезеңдердің бірі. Биыл мақта алқаптарының көлемі едәуір ұлғайып, облыс бойынша 470 мың тоннаға жуық өнім жиналады деген болжам бар. Бұл ауыл шаруашылығы секторының әлеуеті зор екенін дәлелдейді. Мақта – Түркістан экономикасы үшін тек шикізат емес, сонымен бірге толық өндірістік тізбекті дамытуға мүмкіндік беретін басты ресурс. Жыл сайын бұл сала мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, облыстың ішкі жалпы өнімінің өсуіне ықпал етеді.

Кездесуге қатысқан шетелдік инвесторлар тоқыма өнеркәсібі аясында үлкен кешенді жобаларды қолға алуды ұсынып отыр. Олардың бастамасы бойынша өңірде өндірістік және өңдеу нысандарын, цифрлы логистика және қойма орталықтарын, сауда-көрме алаңдарын және сервис қызметтерін біріктіретін инфрақұрылым салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, жобаның бір бағыты – электрондық сауда платформаларын дамыту және кәсіби кадрлар даярлау. Бұл бастамалар дайын өнімдерді тек ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар Ресей, Еуропа және Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.

Жобаның толық іске асуы нәтижесінде 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарады. Қолға алынатын бастамалар шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі толық өндіріс тізбегін қамтиды. Бұл өз кезегінде Түркістан облысын Орталық Азияның жетекші тоқыма кластерлерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда тоқыма кластерлері әлемнің көптеген елдерінде экономиканың драйверіне айналған. Олар өндірістік кооперацияны дамытып, шығындарды азайтуға, экспортты арттыруға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға жол ашады. Түркістан облысында да осы бағытта үлкен әлеует бар. Тиісті инфрақұрылым, еңбек ресурстары мен шикізат қоры жеткілікті болған жағдайда бұл бастамалар аймақтың ғана емес, бүкіл елдің экономикалық дамуына оң серпін береді.


«Түркістан инвестициялық тартымды аймаққа айналуы тиіс»
Тәртіп – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу