Баланың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі

Oinet.kz 08-10-2025 15

6.jpg 

Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмысқа бейім жағдайлардың алдын алу – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жасөспірімдер – ел болашағы, ал олардың амандығы мен қауіпсіздігіне жауап беру – ата-ана, мектеп, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Келес ауданына арнайы іссапармен барып, осы бағыттағы мәселелерді кеңінен талқылауға арналған кеңейтілген жиын өткізді.

Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, білім беру саласының өкілдері – мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, арнаулы орта оқу орындарының жетекшілері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл – әртүрлі сала мамандарының бірлесіп, жасөспірімдердің тәрбиесі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алуға ұмтылғанының нақты көрінісі.

Кездесудің негізгі мазмұны – «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қазіргі таңда өзекті болып отырған – түнгі мезгілде балалардың ата-анасының ертіп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жүруіне жол бермеу, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарда бақылаусыз жүруін болдырмау, буллинг пен зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу, өзіне қол жұмсау әрекеттері мен ерте жүктіліктің алдын алу шараларын жүйелеу болды.

Қоғамда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын және олардың тарапынан туындайтын құқықбұзушылықтар көбіне бақылаудың, қамқорлықтың жетіспеушілігінен туындайтыны белгілі. Жасөспірімдік кезең – психологиялық және физиологиялық тұрғыдан ең күрделі кезеңдердің бірі. Бұл жастағы балалар ересектер тарапынан қолдауды, бағыт-бағдар көрсетуді ерекше қажет етеді. Егер отбасыда жылулық пен түсіністік болмаса, мектепте қамқорлық пен тәрбие жетіспесе, мұндай жасөспірім түрлі зиянды әдеттерге, теріс ортаға бейім болып кетуі әбден мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда жиын барысында көтерілген ата-ананың жауапкершілігі мәселесі ерекше мәнге ие болды. Ата-ана тек баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, оның тәрбиесіне, мінез-құлқының қалыптасуына, дүниетанымының дамуына тікелей әсер ететін негізгі тұлға. Бүгінгі таңда ата-аналардың бір бөлігі балаларын тәрбиелеуде селқос, тіпті өз баласының немен айналысып жүргенінен бейхабар болып жатады. Мұның арты өкінішке ұрындырып, құқықтық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Сондықтан, бала тәрбиесіне салғырт қарау – заң жүзінде де, адамгершілік тұрғыда да жауапкершілікті талап етеді.

Кеңейтілген жиында осы мәселеге де ерекше назар аударылды. Қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалық нормаларды түсіндіріп, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын алға тартты. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу, оларды спорттық, мәдени үйірмелерге тарту, ақпараттық технологиялармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру – профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі ретінде қарастырылды.

Жастарды темекі, ішімдік, нашақорлық сияқты зиянды әдеттерден сақтау да жиынның басты назарында болды. Бұл мәселеде отбасы мен мектептің рөліне қосымша, құқық қорғау және медициналық мекемелер, қоғамдық ұйымдардың үйлесімді жұмысы қажет екені атап өтілді. Осы бағытта жергілікті жерлерде түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер мен жеке әңгімелер ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

Жиын барысында сөз алған Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов балалардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаның міндеті екенін айта келіп:

– Балалардың өмір қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр бала бейбіт елде бақытты өмір сүруге, қауіпсіз ортада өсіп-өркендеуге құқылы. Бүгінгі кездесуіміз – сол мақсатқа жетудің маңызды қадамы. Ата-аналар мен ұстаздардың бала болашағына деген жауапкершілігін арттыруымыз қажет, – деді.

Бұл сөздер кәмелетке толмағандармен жүргізілетін тәрбие мен алдын алу жұмыстарының маңыздылығын тереңінен көрсетіп отыр. Мемлекет те бұл бағыттағы жауапкершілікті күшейтіп, заңнаманы үнемі жетілдіріп отыруда. Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» заңында көрсетілген нормалар мен халықаралық стандарттар – осы бағыттағы барлық жұмысқа негіз болуға тиіс.

Жиын соңында ұстаздар мен сала мамандары өз пікірлерін ортаға салып, қолданыстағы тәжірибе мен ұсыныстарын жеткізді. Мектеп директорлары, педагогтер, психологтар мен ювеналды полиция инспекторларына нақты міндеттер жүктеліп, оқушылармен, ата-аналармен жеке жұмыс жүргізуді күшейту тапсырылды. Қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың орындалуы бір айдан кейін қайта сараланып, нәтижелері нақты талданатын болады.

Жас ұрпақтың болашағы – ел болашағы. Олардың тәрбиесі мен амандығы үшін әрбір ересек жауапты. Қоғамның әр мүшесі осы жауапкершілікті сезінгенде ғана жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың деңгейі төмендейді. Бүгінгі жиын осы бағыттағы кешенді жұмыстың тағы бір нақты қадамы ретінде ерекше маңызға ие.


Сарыағаш: Жол апаттарының себеп-салдары зерделенуде
Заңдылық пен тәртіп бәрінен жоғары тұруы қажет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу