Заңдылық пен тәртіп бәрінен жоғары тұруы қажет
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов жұмыс сапарымен Келес ауданына келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Бұл жиын қоғамдағы заңдылықты сақтау, қоғамдық тұрақтылықты нығайту және мемлекеттік басқару құрылымдарының жұмысын үйлестіру тұрғысынан аса маңызды басқосулардың бірі болды.
Кездесуге Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, сондай-ақ дербес бөлімдердің жетекшілері мен құқық қорғау саласының жауапты қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында мемлекеттік басқару мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара әрекеттестік, жергілікті жерлердегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
Жиында сөз алған Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы ел ішінде әсіресе жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы келеңсіз оқиғалар – әлімжеттік, өзіне қол жұмсау жағдайлары, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің алаңдатарлық деңгейде екенін айтып, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін алдын ала жүйелі профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні бұл мәселелер тек құқық қорғау саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы қажет.
Сонымен қатар, прокурор соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін қызметкерлерге бағытталған қорқыту, қысым көрсету, бопсалау деректері жиілеп кеткенін тілге тиек етті. Мұндай жағдайларға бейжай қарауға болмайтынын, олар бойынша жедел құқықтық шаралар қабылданып, заң шеңберінде әділ баға берілуі тиіс екенін нақты жеткізді. Бұл – елдегі құқықтық мемлекеттің қалыптасуына, билікке деген халық сенімінің нығаюына тікелей әсер ететін маңызды тетік.
– Билік пен халық арасындағы өзара сенімді шайқалтатын кез келген арандатушылық әрекетке жол берілмеуі керек. Мемлекеттік органдар бұл бағытта бірлесе, жүйелі түрде жұмыс істеуге міндетті. Заңдылық пен тәртіп бәрінен жоғары тұруы қажет, – деді Дәулет Бекбашұлы.
Оның бұл сөзі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекетте заң үстемдігі болуы тиіс. Тәртіп пен әділдік – халықтың сенімінің негізі» деген ұстанымымен толық сәйкеседі. Президент өзінің жолдауларында да мемлекеттің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Жолдауында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының, прокуратураның және сот жүйесінің әділеттілік пен жауапкершілік қағидатына сүйенуі тиіс екенін нақты тапсырған. Осыған орай жергілікті жерлерде де құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жауапты органдардың жұмысы күшейтілуі қажет.
Келес ауданында өткен бұл кездесуде сондай-ақ жастар арасында құқықбұзушылық пен түрлі әлеуметтік сипаттағы қауіптердің алдын алу, оларға патриоттық және құқықтық тәрбие беру, қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы кешенді жұмыстардың қажеттілігі туралы да айтылды. Жас буын өкілдері – ел болашағы. Сондықтан олардың құқықтық санасын арттыру, тәрбиелік орта қалыптастыру – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі.
Жиын соңында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев сөз сөйлеп, құқықтық сауаттылық пен тәртіптің маңызын атап өтті. Ол:
– Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – халықтың сенімін ақтап, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау жолында аянбай еңбек ету. Біз азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің жұмысы арқылы халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс, – деді.
Бұл – бүгінгі күні мемлекеттік басқару жүйесінің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, қоғамдық сенім мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды үндеу болды.
Кездесу барысында бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің өзара іс-қимылын күшейту міндеті жүктелді. Жергілікті жерде тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық құрылымдар өзара тығыз әрі үйлесімді жұмыс істеуі тиіс екені атап өтілді. Тек осындай бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана қоғамда әділдік пен қауіпсіздік орнап, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімі арта түспек.