Түркістан облысы республикада 2 орында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсімді 7 пайызға жеткізу тапсырмасына сәйкес, 9 айдың қорытындысымен Үкімет бекіткен межеге Түркістан облысы толық қол жеткізілді. Түркістан облысы әкімінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбековтың айтуынша, 9 айдың қорытындысымен облыс экономикасы дамуының оң динамикасы қалыптасып, Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8 пайызды құрап, республикада – 2 орынды иеленді.
Атап айтсақ, 9 айда ауыл шаруашылығы өнім көлемі 855,4 миллиард теңгені құрап, өсім 101,5 пайыз болса, өнеркәсіп өнім көлемі 1,2 триллион теңгені құрап, 13,5 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 412 миллиард теңгені құрап, 25,5 пайызға артса, сауда, байланыс қызметінде де өсім бар.
Бұдан бөлек, Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда жүзеге асатын маңызды жобалардың құрылыс жұмыстары мен алдағы жоспары сала мамандарының тұрақты бақылауында. Түркістан облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбековтың айтуынша, бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте де қаралып талқыланған. Сол өткен мәжілісте Түркістан облысы әкімдігі өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасовтың сөзінше, биыл өңірде 121 іс-шараның құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде түйткілді 14 жоба бар. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында берілетін несие, инвестициялық жобалар мен индустриалды аймақ құрылыстары, жер телімдерін қайтару, өрт сөндіру бекеттерін салу мен су қоймаларының құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес кезең кезеңмен жүзеге асырылуда. Жүргізілген мониторинг жұмыстары бойынша 121 жобаның 41 пайызы толық орындалған.
Ал өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар да бар. Мәселен, Кентауда жобалық-сметалық құны 360 миллион теңгені құрайтын «Bereke Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қағаз майлықтар мен тұрмыстық химия жасау жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін «Састөбе химиялық кешенін» салу жобасы талқылануда. Жоба іске асқан жағдайда 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Бұдан бөлек, 9 айда облыста 20 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Оның 12-і жекеменшік мектеп болса, 8-і «Келешек мектептері» аясында салынды, енді 1 мектептің құрылысы аяқталып, жақында ашылады деп күтілуде.
Келесі бағыт жол құрылысы. Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 678, облыстық маңызы бар жолдар – 3983, аудандық маңызы бар жолдары – 1726, елді мекен көшелері – 11305 шақырым. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Түркістан облысы бойынша филиалы қала және аудандардағы нысандарға мониторинг жүргізіп, жыл басынан бері облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары сондай-ақ, көше жол желісі нысандарынан бірқатар кемшілік анықтап, бүгінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қала және аудан нысандарынан 1284 жол құрылыс материалы іріктеп алынып, тисті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері асфальтбетон өндіретін заводтарға мониторинг жүргізілді. Жалпы Түркістан облысында 29 асфальтбетон шығаратын завод бар. Оның ішінде, 5 завод бүгінде жұмысын тоқтатқан.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев Түркістан облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу және күтіп ұстау бойынша берген мәліметінде бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағы бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы желісі 678 шақырымды құрайды. Биыл жалпы 212,9 шақырымды құрайтын жолды орташа және күрделі жөндеу бойынша 11 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, жолдарға 2 күрделі және 9 орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


