Ордабасы: Ауыл шаруашылығы саласында 450 мың тонна өнім жиналды

Oinet.kz 06-11-2025 8

_gluster_2025_11_3_3b7008eccabf1cad3f6b2592179b28d9_1280x720.jpg

Ордабасы ауданында «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, биыл аудан бойынша 71600 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның 6925 гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген.  Бұл – аудан үшін су ресурстарын тиімді пайдаланудағы маңызды жетістік болды.

Сондай-ақ ауданда жылыжай шаруашылығы бағытында да оң нәтижелер бар. Мәселен, Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер телімі бөлініп, 42 шаруаға берілген. Оның 30-ы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қолдау алып, бүгінде 23 азамат алғашқы өнімін жинауда. Осылайша, аудандағы жылыжай көлемі 134 гектарға жетіп отыр.

Бұдан бөлек, аудан шаруаларының күшімен биыл 144 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл ең алдымен ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдеу және егін жинау жұмысын арттыруға септескен. Егіс алқаптарына енгізілген жаңа технологияның нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 450 мың тоннаға, жалпы құны 55,9 миллиард теңгеге жетті. Мал шаруашылығында да тұрақты өсім бар – төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жеткен.

Аудан диқандарының күшімен атқарылған осы жұмыстар ауданында молшылық пен берекенің мерекесі – «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесінде аталып, диқан қауымына құрмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық «Amanat» партиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Раймбеков, ауданның құрметті азаматтары, ауыл еңбеккерлері мен тұрғындар қатысты. Мерекелік алаңда ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер паш етіліп, заманауи техникалар көрмесі, өнім жәрмеңкесі және асыл тұқымды малдар таныстырылды.

Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. «Бүгін біз молшылық пен берекенің, ырыстың мерекесін атап өтудеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру – біздің басты міндетіміз. Соның нәтижесінде Ордабасыда агроөнеркәсіп саласы тұрақты даму жолына түсті. Бұл жетістіктер – шаруаларымыздың қажырлы еңбегінің, дұрыс жоспарлаудың және бірліктің жемісі. Халқымыз «Жері байдың – елі бай», «Еңбек түбі – береке» деп бекер айтпаған. Бірлігіміз бен еңбегіміздің арқасында ауданымыз әрқашан берекенің мекені болып қала береді», – деді аудан басшысы.

Мерекелік іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әртістері мен жас өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мереке соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалап, еңбеккерлердің жетістіктерін жоғары бағалады.

Созақ: Жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
Жетісай: Сүт өңдеу және мал бордақылау алаңдары көбеюде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу