Жетісай: Сүт өңдеу және мал бордақылау алаңдары көбеюде

Oinet.kz 08-11-2025 7

sut-zhinau.jpg

Мал шаруашылығы – еңбек адамы үшін, ауылдағылар үшін өте маңызды сала. Сондықтан Президенттің мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа бағдарламалары ауыл шаруалары үшін үлкен қолдау. Бүгінгі күні Жетісай ауданында жыл басынан бері ауданда 5,6 мың тонна ет, 27,9 мың тонна сүт және 7 миллион 81 мың жұмыртқа өндіріліп, 44 шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандырумен шұғылдануда.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, Жетісай ауданында ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңдарының қатары жыл санап артып келеді. Бүгінгі күні ауданда тұрақты жұмыс істеп тұрған 25 мал бордақылау алаңы бар. Онда 361 мүйізді ірі қара, 495 бас қой-ешкі, 343 жылқы бордақылануда.

Бүгінгі күні Мақталы ауылдық округіндегі «Мүйтембай ата» шаруа қожалығыда 200 мүйізді ірі қара бордақылануда. Шаруашылық өндірген ет өнімдерін Жетісай мен Мақтаарал аудандарына өткеруде. Бұл қожалықтың жұмысын аудан әкімі Серік Мамытов арнайы барып көріп, шаруашылықтың бүгінгі тіршілігімен жақынырақ танысқан болатын.

Шаруашылық бір жылда 500 бас мүйізді ірі қара бордақылап, 150 тонна ет өндіреді. Қожалық төрағасы Нұржігіт Мүйтембаевтың айтуынша, оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 15 жыл болған. Мал азығы қожалықтың 30 гектар жерінен дайындалады. Оның 10 гектары жүгері, 10 гектары жоңышқа, қалған 10 гектары мақта шиті алқабы. Бүгінгі күні шаруашылық 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Жем-шөп өзімізде әзірленгендіктен шығынға көп кете қоймайды. Малды союдан бөлек диқаншылыққа қаражат керек болғанда семіртіп те сатамыз. Тапсырысты үйлеріне дейін жеткізіп беретін де кездеріміз болады. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ұлғайту үшін асыл тұқымды мал басын көбейтуді де жоспарлап отырмыз, – дейді қожалық жетекшісі.

Ауданда ет пен сүт өндірісінің артуына, экспорттың көбеюіне бордақылау алаңдарының қосып отырған үлесі зор. Олар қажет кезде өз өнімдерін сыртқа шығарып, әлемдік нарықта өз орнымызды тауға септесуде. Әсіресе, ет пен қатар соңғы жылдары сүт өндірісіне көп көңіл бөлініп, жаңа фермалар салынып жатқаны қуантады. Сонымен қатар, жеңілдетілген несиелер мен ауыл шаруашылығын қолдайтын түрлі бағдарламалар шаруаларға шынайы көмек. 5 пайыздық несие де шаруаларға үлкен қолдау, бұл агроқұрылымдарға жаңа техника алып, өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.

Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, шаруасын жолға салған агроқұрылымның бірі – «Оңалбай ата» шаруа қожалығы мен «Тайтенов Е» жеке кәсіпкерлігі. 50 бас мүйізді ірі қараға арналған «Оңалбай ата» қожалығында 31 бас асыл тұқымды ақбас сиыр болса, 600 басқа есептелген «Тайтенов Е» қожалығында 220 бас жылқы мен 300 бас қой бордақылануда.

«Президентіміздің жаңа Жолдауы мал ұстап, жер өңдеп жүрген шаруалардың мүмкіндігін жақсарта түседі деген сенімдеміз. Біздің еңбегіміз еш кетпей, халықтың сұранысын қамтамасыз етіп, ел экономикасына үлес қосу үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – бізді алға жетелейтін күш болары сөзсіз», – дейді «Тайтенов Е» қожалығының жетекшісі.

Ет және сүт бағытын дамыту жұмыстары аудан әкімінің тұрақты бақылауында. Аудан басшысы кәсіпкерлермен кездесу барысында тұтынушыларды арзан бағада сапалы етпен қамтуға, ауданда өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсене қатысуға, қажетті мөлшердегі ет көлемін базарлар мен дүкен сөрелеріне делдалдарсыз жеткізіп беруге шақырды. Бұл бағытта әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қажетті деңгейде қолдау көрсетілетінін айтты.

Ордабасы: Ауыл шаруашылығы саласында 450 мың тонна өнім жиналды
Отырар ауданында мақта кластері дамып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу