Кентау қаласы: Жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды
Кентау қаласында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бірнеше нысан бар. Бүгінгі күні шаһарда тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 250 орындық жаңа нысан екі қабаттан тұрады. Онда түрлі спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Атап айтқанда, көркем гимнастика, бокс, жаздық және қысқы жаттығу залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар кабинеті және басқа да қосымша бөлмелер орналаспақ.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, қазіргі таңда нысанның іргетас құю жұмыстары атқарылуда. Заманауи кешен құрылысын тоқтатпай 2026 жылы аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне беру көзделген. Бұл жоба – қала тұрғындарын және жастарды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады», – деп Жолдауда атап өткен Президеттің бұқаралық спортқа деген көңілін аңғару қиын емес. Бүгінгі күні ауданымызда жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан спорт кешені, спорт алаңдары жастардың бұқаралық спортты дамытуына септігін тигізеді деген сенімдемін. Бүгінгі күні қала аумағында 53 спорт нысаны жұмыс істеуде. Он мыңнан аса жасөспірім бұқаралық спорттпен тұрақты шұғылданып, қала мәртебесін түрлі жарыстарда қорғап та жүр, – дейді аудан әкімі.
Сондай-ақ қалада көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына ойын алаңшаларын орнату жұмыстары да жалғасын табуда. Жалпы шаһарда абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 8 аулаға балаларға арналған ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңдары орнатылуда. Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс барысын өзі аралап, мердігерлермен кездесіп тұрады. Оларға жұмыстың тиянақты әрі сапалы атқарылуын тапсырып, анықталған кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша жауаптыларға тапсырма беріп отырады.
Мәселен, қала бойынша абаттандыру жұмыстары Ы.Алтынсарин көшесіндегі №3, 5, 7 үйлердің, Ясауи даңғылындағы №96, 98 үйлердің, Абай даңғылындағы №11 үйдің, Д.Қонаев даңғылындағы №33 үйдің, Төле би көшесіндегі №39 үйдің, Ата-Түрік көшесіндегі №52 үйдің, Ерназаров көшесіндегі №49 үйдің, Құралбаев көшесіндегі №28 және №92 үйлердің, Әл-Фараби көшесіндегі №110 және 114 үйлердің, Ш.Уәлиханов көшесіндегі №44, 48, 136 үйлердің, сондай-ақ Т.Рысқұлов көшесіндегі №63 үйдің аулаларда жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өзге де аулаларды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.


