Шымкентте ірі есірткі схемасы әшкереленді: 17 адам сотталды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты трансұлттық қылмыстық топқа қатысты резонансты істі қарады. Айыпталушыларға есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өндіру және өткізу, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, қылмыстық кірістерді криптовалюта арқылы заңдастыру секілді ауыр баптар бойынша айып тағылған,- деп жазады Оinet.kz.

Сотта анықталғандай, 2024 жылы топ мүшелерінің бірі Шымкентте психотроптық заттар өндіретін жасырын зертхана ұйымдастырған. Оның туысы мен танысы шикізатты жасырып, қылмыс іздерін жоюға көмектескен.
Ал 2022-2024 жылдары екі сотталушы криптовалюта операциялары арқылы есірткі саудасынан түскен қаражатты заңдастырған. Тағы тоғыз адам өз банк карталарын ұсынып, қаражатты қабылдау мен аударуға жағдай жасаған.
Сот үкімімен 17 адам кінәлі деп танылды. Зертхана ұйымдастырушы 16 жылға сотталса, өзгелері 2,5 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Екі адамға жазаны өтеу мерзімі екі жылға шегерілді, тағы екеуіне 11 млн теңге айыппұл салынды. Бір сотталушы ақталды. Үкім заңды күшіне енбеген.


