Алматы облысында әйелді он шақты ит талаған

Oinet.kz 19-02-2026

Алматы облысында 52 жастағы әйелді он шақты ит талап, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Оinet.kz порталы Еуразия арнасына сілтеме жасап.

image.png

Оқиға Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде болған. Әйелге иттер шабуыл жасаған сәтті көршілері байқап қалып, көмекке келген. Дереу жедел жәрдем шақырылып, қансыраған тұрғын аудандық ауруханаға жеткізілген. Оның үсті-басы жыртылып, денесінде көптеген жарақат болған.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірованың айтуынша, науқастың маңдай тұсы мен аяқ-қолдарында бірнеше тістелген жарақат анықталған. Дәрігерлер алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізген. Қазіргі уақытта әйел травматология бөліміне жатқызылып, жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Куәгерлердің сөзінше, шабуыл жасаған иттер бір үйдің ауласында ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, көршісі өз ауласында 30-ға жуық ит асырайтын болып шықты.

Аталған факті бойынша Алматы облыстық полиция департаменті қылмыстық іс тіркеп, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ресми өкіл Ернар Сайділдиннің мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында иттердің 60 жастағы иесі анықталған. Ол қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заң аясында жауапкершілікке тартылған.

Шымкентте ірі есірткі схемасы әшкереленді: 17 адам сотталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу