Желіде тәртіп бұзғанын жариялаған азамат жауапқа тартылды

Бүгінде әлеуметтік желі ақпарат таратудың ғана емес, қоғамдағы кез келген әрекеттің назарға түсетін ашық алаңына айналды. Алайда көпшілікке жарияланған әрбір бейнематериалдың артында жауапкершілік барын ескере бермейтіндер де кездеседі. Шымкент қаласында полиция қызметкерлері жүргізген мониторинг нәтижесінде осындай құқық бұзушылыққа жол берген азамат анықталды.
TikTok әлеуметтік желісіндегі жарияланымдарды зерделеу барысында Шымкентте ер адамның орталық көшеде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бейнематериалдар жариялағаны белгілі болды. Бейнежазбаларда қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттермен қатар, бейәдеп сөздер мен былапыт сөздердің қолданылғаны да анықталған. Видеоны жариялаған азамат бұның қоғамға тигізер зардабы туралы мүлдем ойланбағандай әсер қалдырады. Немесе әдейі жасаған болуы да әбден мүмкін. Құқық қорғау органдары үшін мұндай фактілер назардан тыс қалмайды. Жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталып, ол ұсталды. Жинақталған материалдар негізінде ер адамға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс сотқа жолданды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 8 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл жағдай – әлеуметтік желідегі виртуалды кеңістіктің заң талаптарынан бөлек тұрмайтынын тағы бір мәрте көрсетеді. Кейбір азаматтар камера алдында жасалған әрекет немесе желіге жүктелген бейнематериал үшін жауапкершілік болмайды деп ойлауы мүмкін. Алайда цифрлық кеңістіктегі әрбір жарияланым нақты құқықтық салдарға әкелуі ықтимал.
Әсіресе жол қозғалысы ережелерін бұзуды көпшілікке көрсетіп, оны қалыпты әрекет ретінде таныту қауіпті. Мұндай бейнематериалдар өзгелерге теріс әсер етіп қана қоймай, жол қауіпсіздігі мәдениетіне де кері ықпал етеді. Бір сәттік назар мен танымалдық үшін жасалған жауапсыз әрекет адамның өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіруі мүмкін.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырады. Құқық бұзушылық қай жерде жасалса да, оған заң аясында баға беріледі. Сондықтан әлеуметтік желі – заңнан тыс кеңістік емес. «Заң мен тәртіп» қағидаты көшеде ғана емес, цифрлық ортада да сақталуы тиіс.


