Полиция қызметіне жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізілуде

Oinet.kz 17-08-2026

Screenshot_24.jpg

Шымкент қаласында Полиция департаментінің басшылық және жеке құрамына жасанды интеллект технологияларын қызметтік жұмыста тиімді қолдануды үйретуге арналған екі күндік семинар-тренинг басталды. Бүгін оқытудың алғашқы күні өтіп, қызметкерлер жаңа цифрлық құралдардың мүмкіндіктерімен танысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің тапсырмасына сәйкес Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық үкіметті қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткізілуде. Семинарды Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев ашты.

Оқытудың басты ерекшелігі – теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілуі. Полиция қызметкерлері өздерінің күнделікті жұмысында автоматтандыруға болатын процестерді анықтап, жасанды интеллектке тапсырманы дұрыс әрі нақты қою тәсілдерін меңгеруде. Сонымен қатар бағдарламалау саласында арнайы білімі жоқ мамандарға цифрлық құралдарды өз бетінше әзірлеуге мүмкіндік беретін вайбкодинг тәсілі бойынша практикалық жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде құқық қорғау саласында ақпарат көлемі жыл сайын артып келеді. Қызметкерлерге түрлі деректерді саралау, құжаттарды жүйелеу, анықтамалар мен қорытындылар әзірлеу, талдамалық материалдар дайындау секілді жұмыстарды жедел орындауға тура келеді. Осы ретте жасанды интеллект уақытты үнемдеп, қайталанатын процестерді азайтуға және мамандардың негізгі міндеттеріне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Алайда цифрлық технология адам еңбегін толық алмастыру үшін емес, оның тиімділігін арттыру үшін қажет. Әсіресе полиция қызметінде заңдылық, деректердің қауіпсіздігі, құпия ақпаратты қорғау және қабылданатын шешімдердің жауапкершілігі басты орында тұрады.

Сондықтан мұндай оқыту қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды қауіпсіз әрі жауапты пайдаланудың мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Екі күндік семинар барысында полиция қызметкерлері жасанды интеллект құралдарын қызметтік міндеттерді орындауда қолданудың нақты жолдарын тәжірибе жүзінде меңгеріп, цифрлық шешімдерді өз жұмысына бейімдеу мүмкіндіктерін қарастырады.

Желіде тәртіп бұзғанын жариялаған азамат жауапқа тартылды
Қаланың ахуалына зиян тигізгендер ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу