Қаланың ахуалына зиян тигізгендер ұсталды

Ел болашағы мен ұлт денсаулығына төнетін ең басты қатерлердің бірі – есірткі бизнесі. Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес аяусыз әрі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткі саудасын құрықтау бағытында кезекті сәтті жедел операцияны жүзеге асырды.
«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан күдікті ер адамды қолға түсірді. Тексеру аясында ұсталған азаматтан жалпы салмағы шамамен 2 килограмм болатын «мефедрон» психотроптық заты тәркіленді. Сонымен қатар, оның жанынан есірткі заттарын бөлшектеп өлшеуге арналған электронды таразылар мен орап-птауға арналған арнайы zip-lock пакеттері табылды. Есірткі – криминогендік ахуалдың ушығуына тікелей себепкер. Синтетикалық есірткінің таралуы қала көшелеріндегі қылмыстың өсуіне әкеледі. Нашақорлыққа салыңған тұлғалар кезекті дозаны табу үшін ұрлық, тонау, бұзақылық сияқты қылмыстарға оңай барады. Бұл тұрғындардың өз қаласында, өз ауласында өзін қауіпсіз сезінуіне кедергі келтіреді.
Сондай-ақ, осы жедел-профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі заттарын өткізумен айналысқан тағы бір қала тұрғынын – әйел адамды ұстады. Тінту амалдары кезінде күдіктіден жалпы салмағы 200 грамнан асатын есірткі заты салынған төрт бірдей пакет тәркіленіп, айғақ зат ретінде алынды.
Аталған екі факті бойынша да Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Қазіргі таңда олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеру үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция департаменті есірткі және психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау немесе өткізу қатаң қылмыстық жауапкершілікке, оның ішінде ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын қатаң ескертеді.
Есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және есірткі тарататын қылмыстық топтарды жою бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіле береді. Қоғам қауіпсіздігі мен заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет.


