Түркістан облысында мемлекеттік сатып алуда анықталған бұзушылық жойылды
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералдық бақылау жүргізілді.
Бақылау жұмыстары барысында 2026 жылғы тамыз айында мемлекеттік сатып алудың веб-порталында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жарияланған мемлекеттік сатып алу рәсімі зерделенді.
Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алудың техникалық ерекшелігінде нақты тауарды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін және жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілілігін айқындайтын сипаттамалардың көрсетілгені анықталды.
Атап айтқанда, техникалық ерекшелікте «профессиональная хоккейная клюшка UNIONgrip SR» атты нақты тауарға қатысты талап қойылған.
Мұндай нақты сипаттамалардың көрсетілуі мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестікті шектеуі мүмкін.
Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент тарапынан мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынға тиісті хабарлама жолданып, мемлекеттік сатып алу құжаттамасын белгіленген талаптарға сәйкестендіру тапсырылды.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушы тарапынан Департаменттің жолдаған хабарламасы толық көлемде және тиісті дәрежеде орындалып, анықталған бұзушылықтар жойылды.
Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын, ашықтығын және бәсекелестік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Түркістан облысы облысы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің
бас маманы Б.Мақашов


