Қарыздан құтылудың жолын үйреткен жоба

Қарызға ақша алу оңай болғанымен, оны уақытында қайтару әрдайым мүмкін бола бермейді. Әсіресе табысының басым бөлігін несие төлеуге жұмсайтын, бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған азаматтар үшін бұл күрделі мәселеге айналған. Осындай жағдайда елімізде қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға бағыт-бағдар беріп, қарызды заң аясында реттеу жолдарын түсіндіру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынған. Бүгінде бастама республиканың барлық өңірінде жүзеге асырылып, тұрғындардың қаржылық сауатын арттырумен қатар, проблемалық берешегі бар азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп келеді.
Жобаның басты мақсаты – халыққа ақшаны дұрыс басқаруды үйрету, несие алу кезінде қаржылық тәуекелдерді бағалай білуге дағдыландыру және қарызға белшесінен батқан азаматтардың тығырықтан шығуына көмектесу. Жоба аясында қаржылық сауаттылық сабақтары, жеке консультациялар, заңгерлік кеңестер ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда азаматтарға банктермен және микроқаржы ұйымдарымен келіссөз жүргізу, берешекті қайта құрылымдау, төлем мерзімін өзгерту, банкроттық рәсімдеріне қатысты құжаттарды әзірлеу тәртібі түсіндіріледі.
Үш жылдық жұмыс нәтижесінде республика бойынша 1,4 миллион адам қаржылық сауаттылық курсынан өткен. Миллионнан астам азамат заңгерлік және қаржылық кеңес алған. Жоба аясында 703 мың адамның 754 миллиард теңге көлеміндегі берешегі реттелген. Оның ішінде 89 мың адамның 25 миллиард теңге қарызы толық есептен шығарылған. Бұл – бастаманың тек оқыту шараларымен шектелмей, азаматтардың нақты қаржылық мәселелерін шешуге де бағытталғанын аңғартады.
Шымкент қаласында да жоба жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұнда тұрғындардың қаржылық сауатын арттырумен қатар, несие төлемін кешіктірген, банк алдындағы міндеттемесін орындай алмай жүрген азаматтарға жеке көмек көрсетуге басымдық берілген.
Жоба аясында қала тұрғындарына арналған тегін бес күндік оқу курстары ұйымдастырылған. Сабақтарда отбасылық бюджетті жоспарлау, кіріс пен шығысты есептеу, несие шарттарын дұрыс түсіну, микрокредит рәсімдеудің тәуекелдері, қарызды өтеу тәртібі және қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндіріледі.
Оқыту барысында бір топқа шамамен 30-70 адам қатысады. Сабақтың бірінші бөлігінде ортақ тақырыптар талқыланса, түстен кейін қатысушылардың жеке өтініштері бойынша кеңес беріледі. Бұл тәсіл азаматтардың өзіне қатысты қаржылық мәселелерді мамандармен бірге қарауына мүмкіндік жасайды. Мәселен, бір тұрғын несие төлемінің мерзімін ұзарту жолын сұраса, екіншісі бірнеше қарызды қалай реттеуге болатынын білуге өтініш білдіреді. Ал кейбір азаматтарға банкроттық рәсімінің талаптары мен оны қолданудың құқықтық салдары түсіндіріледі.
Жобаның тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін түсіндіру және оқыту жұмыстары қаланың бес ауданында жүргізіліп келеді. Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарында тұрғындарды қабылдау, жобаға қатысуға бағыттау жұмыстары ұйымдастырылған. Осылайша, қаржылық сауаттылық курстарына қатысу үшін қала орталығына бару міндетті болмай, аудан деңгейінде де ақпарат алуға жағдай жасалған.
Жоба мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, Шымкентте 2024 жылы жоба аясында 12 мыңнан астам тұрғын оқытылған. Ал 2025 жылға 22 200 адамды қамту жоспарланғанымен, жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 34 814 адамға жеткен. Яғни жоспар 156,8 пайызға орындалған. Ал биылғы жылға қала бойынша 18 900 адамды оқыту межесі белгіленген.
«Қарызсыз қоғам» жобасының тағы бір маңызды бағыты – несиесін ұзақ уақыт өтей алмай жүрген азаматтарға құқықтық қолдау көрсету. Әсіресе 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар тұрғындармен жұмысқа ерекше назар аударылған.
Жоба аясында азаматтарға несие төлемінің кестесін өзгерту, ай сайынғы төлемді азайту туралы банкке өтініш беру, бұғатталған шоттар мен мүлікке қатысты шектеулердің заңдылығын тексеру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріне өтініш әзірлеу мәселелері бойынша түсіндіру жүргізіледі.
Бүгінде несие мәселесімен қатар интернет-алаяқтық та өзекті болып отыр. Жеке деректерді пайдаланып, адамның атына несие рәсімдеу, жалған инвестициялық ұсыныстар, әлеуметтік желілер арқылы алдау фактілері азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан жоба аясындағы түсіндіру жұмыстары бұл бағытты да қамтиды.
Жалпы, Шымкенттегі «Қарызсыз қоғам» жобасының жұмысы бірнеше бағытты қатар қамтиды. Бір жағынан, тұрғындарға несие алудың жауапкершілігін түсіндіріп, отбасылық бюджетті басқаруды үйретсе, екінші жағынан, қарызын өтей алмай жүрген азаматтарға заңгерлер мен қаржы мамандарының көмегін ұсынады. Дегенмен жобаның нәтижесін тек оқудан өткен адамдар санымен бағалау жеткіліксіз. Қанша тұрғынның берешегі қайта құрылымдалғаны, қанша адамның төлем кестесі өзгергені, бұғатталған шоттары ашылғаны және қандай көлемдегі қарыздың заң аясында реттелгені де маңызды.
Себебі қаржылық сауаттылық дегеніміз – тек ақшаны үнемдеу емес, табысқа қарай шығынды жоспарлау, қарыз алудың салдарын алдын ала есептеу және қиындық туындағанда заңды жолды таңдай білу. «Қарызсыз қоғам» жобасының түпкі мәні де азаматтарды осындай жауапкершілікке үйретіп, қаржылық шешімді саналы қабылдауға бағыттауында.


