Майқайыңдағы атышулы іс: Мәйітпен бірге тұрған екі әйел психиатриялық диспансерде ем қабылдап жатыр
Павлодар облысында Майқайың кентінде болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, іс «өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау» және «алаяқтық» баптары бойынша тергеліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты сот-психологиялық және психиатриялық сараптама жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ. Іс бойынша екі әйел күдікті ретінде танылған.
Полиция мәліметінше, аталған әйелдер мамандандырылған психиатриялық диспансерге орналастырылып, ем қабылдап жатыр. Ал кәмелетке толмаған қыз бала тексеруден кейін Екібастұз қаласындағы арнайы мемлекеттік мекемеге жіберілген.
Еске сала кетейік, ақпан айының ортасында Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі жеке тұрғын үйден екі адамның мәйіті табылған. Кейін олардың әкесі мен қызы екені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдардың денесі үй ішінде ұзақ уақыт жатқан. Сол уақытта аталған үйде қайтыс болған ер адамның жұбайы мен марқұм әйелдің кішкентай баласы бірге тұрған.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.


