Қостанай облысында кәсіпкерді бопсалап, 20 млн теңге сұраған блогер сотталды
Қостанай облысында 20 млн теңге көлемінде ақша бопсалады деп айыпталған блогерге қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында ер адам кәсіпорын аумағында өлген және жарамсыз деп танылған құстардың шығарылып жатқанын байқаған. Бұл әрекеттер санитарлық талаптар мен биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату ережелеріне қайшы келеді.
Аталған жайтты пайдаланып, ол болған оқиғаны видеоға түсіріп, өзінің YouTube арнасында жариялаған. Бейнематериал негізінде уәкілетті органдар тексеріс жүргізіп, кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кейін компания өкілі блогермен кездесіп, видеоны өшіруді сұраған. Осы кезде ер адам қолында осыған ұқсас тағы да бейнематериалдар бар екенін айтып, мәселені «шешу» үшін Shacman маркалы автокөлік немесе 20 млн теңге талап еткен.
Сот отырысында блогердің кәмелетке толмаған баласының болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Барлық дәлелдер мен іс материалдарын зерделеген сот оны кінәлі деп танып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


