«Анам қайтыс болды, балам ауырып жатыр». Астанада декреттегі әйел жұртты алдап ақша жинаған
Астана тұрғыны екі миллион теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен иемденгені үшін сотталды, деп жазады Оinet.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес, әйел декреттік демалыста жүріп, бір жыл бойы әріптестерін алдап келген. Ол анасының қайтыс болғаны және баласының ауыр хәлде жатқаны туралы жалған ақпарат таратып, олардың жанашырлығын пайдаланған.
Әріптестері оның сөздеріне сеніп, баланы емдеуге және отбасылық қиындықтарды шешуге көмектесу мақсатында ақша аударып отырған.
Нәтижесінде әйел алаяқтық әрекеттер арқылы 2 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.
Сот үкімі бойынша, кінәсін мойындауы, өкінуі және келтірілген шығынды ішінара өтеуі ескеріліп, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.


