Оңтүстік Қазақстан облысына 80 жыл

Oinet.kz 23-03-2019 781

3b129d61ec8fa7bc40fb21e6e09720fe.jpg

Бұл айтулы датаға қатысты салтанатты жиын Шымкент қаласындағы «Мұз сарайында» болып өтті. Жиынға алғашқы сапарын оңтүстіктен бастаған Үкіметтің жаңа басшысы Серік Ахметов арнайы қатысып, Президент Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

Әрине, облыстың мерейлі мерекесіне орай жеделхат жолдаған азаматтар аз болған жоқ. Олардың қатарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары Қайрат Мәми, Нұрлан Нығматулин, сондай-ақ, бірнеше Министрлер мен шет мемлекеттердегі елшілер, көршілес облыстардың әкімдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым  өкілдері бар. Ал облыс басшысы Асқар Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуында үлесі зор азаматтардың кеудесіне мерекелік медальдар тақты. Әрине, Тәуелсіздік алған жылдардан бері облыстың өсіп-өркендеуіне, бүгінгідей мол нәтижеге қол жеткізуде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сіңірген еңбегі орасан. Сол себепті де медальдің ең алғашқысын Елбасыға ұсыну ұйғарылғаны әбден дұрыс-ақ. 

Мерекелік жиын сол күні кешкісін қайта «Мұз сарайында» жалғасын тапты. Өнерсүйер қауым оңтүстіктен түлеп ұшқан танымал әншілердің өнерін тамашалады.

 Премьер-министр Серік Ахметов бұл жолғы іс сапарында Шымкент қаласында жақында ғана ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, Индустрияландыру картасына енген жобалармен танысты. Сонымен қатар Үкімет басшысы  Шымкент қаласының  шырайын кіргізіп тұрған, бүгінде әлемдегі ең биік ескерткіштердің бірі саналатын, тұтас ұлт тәуететін тұғырлы тұлға Бәйдібек бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне барып зиярат етті.  Түркістан мен Кентау қалаларының бірнеше нысандарын аралады. Жалпы алғанда облыстың торқалы тойына орай «80 жылдыққа – 80 нысан!» деген игі іс-шара жүзеге асқан болатын. 

Мұрағаттан, 07.11.2012 ж

Түркістанда алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық форум өтті
Ыбырайым Қарақұлов: «Заманауи қондырғылармен жабдықтау жаңа мүмкіндіктер туғызып жатыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу