Дуадақ енді Шымкентте де өсіріледі

Oinet.kz 17-01-2009 1305

дуадақ.jpeg

Ен даланың еркін құсы дуадақтар оңтүстікте енді қолдан көбейтіле бастады. Ол «Қызыл кітапқа» енген. Біріккен Араб Әмірлігі мен Қазақстан жағы бірлесіп қолға алған тұқымбақта қазір бұл құстың жүзге жуық балапаны өсіп келеді. Темір торға қамалатыны болмаса, тұқымбақта дуадақтарға табиғаттағыдай жағдай жасалған. Іштегі температура жылылығы 15 градус. Бұл олардың қыстайтын аумағындағы күн райымен бірдей. Тұқымбаққа бөгде адамдар кірігізілмейді. Қызметкерлер арнайы киімде жүреді. Бақ ішінде электр жарығының өзі күннің шығуы мен батуына сәйкес жағылып- сөндіріледі. 

  Шымкент қаласында орналасқан тұқымбақтың құс өсірушісі Ұлан Кәменовтің айтуынша жарықты бірден сөндіріп тастаса  бір-бірін шұқып мазасызданады екен. Дуадақтардың тамағы да табиғи. Қорек мәзіріне сай құстар көбіне құрт жейді. Оны қысты күні даладан теру мүмкін емес. Сондықтан құртты да арнайы өсіруге тура келеді. Ең қызығы тұқымбақта тәулік бойы әуезді саз үзілмейді. Мұның бәрі ертеңгі күні еркіндікке жіберілгенде табиғатқа тез бейімделуі үшін әдейі жасалып отыр. Орман және аңшылық шаруашылығы облыстық басқармасының бөлім бастығы Алмас Алпамышевтың сөзіне сүйенсек дуадақ өсіруді қолға алу бұл бір жағынан саятшылықтың жолы, екінші жағынан олардың санын көбейту. 

  Қоршаған ортаның ластануы мен адамдардың қаскөйлік әрекетінен дуадақтың тұқымы жылдан жылға азайып барады. Сондықтан шымкенттік мамандар келешекте дәл осындай тұқымбақты Отырар жерінде де салуға ниетті. Дуадақ мекиенін мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Көкейдегі іс жүзеге асса жылына 5 мыңдай құс ен далада еркін қанат қағатын болады. 

Ғани Қалмаханов, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі

Қайрат Сапарбаев: «Біз емес, билік емес, әділеттік жеңу керек»
2009 жылы құрғақшылық болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу