Қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруге тыйым салынады

Oinet.kz 03-04-2020 525

coronavirus-49140261920.jpg

Түркістан облысында 3 сәуір күнгі соңғы ақпаратқа сәйкес, коронавирус індетін жұқтырған тағы 5 адам тіркелді. Бүгінде өңірде коронавирус індетімен жалпы 16 адам тіркелген.

Оның ішінде 10 науқас Жетісай ауданында, Кентау қаласында 2 адам, Арыс қаласы - 1, Мақтаарал, Ордабасы және Сайрам аудандарында 1 адамнан тіркелді.

Олар осыған дейін COVID-19 жұқтырған науқастармен байланыста болған.

Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, ем қабылдауда.

Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.

Вирустың таралуын болдырмау мақсатында облыс аумағында барлық азаматтар медициналық бетперде киіп жүруі керек. Дүкендер мен қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруге тыйым салынады. Онда арнайы залалсыздандыру құралдары орнатылуы тиіс. Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек. Отбасылық мерекелер мен той-жиындарды өткізуге қатаң тыйым салынады.

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев әлеуметтік желілерді шарлаған әртүрлі ақпараттарға сенбей, мемлекеттік органдар таратқан ресми мәліметтермен ғана танысуға шақырды.

«Құрметті жерлестер! Дәл қазір бүкіл әлем қиын кезеңде тұр. Алайда, біз бұл қиын-қыстау уақыттан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман-есен өтеміз деп сенемін! Қазіргі таңда бізге тыныштық керек, жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Ресми ақпаратқа ғана сеніңіздер. Біз күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырмыз»,-деді Өмірзақ Естайұлы өз үндеуінде.


Әскерилер көмекке жұмылдырылды
Өмірзақ Шөкеев: Түркістан нағыз жасыл қалаға айналып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу