Аудан әкімінің кезекті кездесуі – Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде

Oinet.kz 15-06-2022 360

Screenshot_19.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай әр деңгейдегі әкім-қаралар халықпен тұрақты түрде кездесу өткізуі керек деп міндеттеді. Ал оның нақты күнтізбесін жыл басында үкіметке баяндап отыруы тиіс.

Осы орайда 2021 жылдың қорытындысымен Жоғарғы Ақсу ауылдық округі Мәдени елді мекенінің ауыз су құбырының құрылысына 80,9 млн теңге қаржы қарастырылып, Бәйшешек, С.Тлеуов көшелерінің 1,250 шақырымы жөнделіп, 1,95 шақырымына аяқжол салынды.  Биылғы  жылы ауылдық округте ауылдық округ әкімі аппаратының ғимараты ағымдағы жөндеуден, Мәдени жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өтеді. Аталған мәліметтерді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев кезекті он бірінші кездесуінде мәлімдеді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында аудан әкімі Телғараев Төлеген Тұртайұлы Жоғарғы Ақсу ауылдық округ тұрғындарымен кездесу мақсатында арнайы іс-сапармен барды. 

Бекітілген кестеге сай өткен есепті кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров ашып, жүргізіп отырды. Жиынның басым бөлігі сұрақ-жауап форматына өткендіктен, округ халқы аудан әкімі баяндамасынан кейін өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Басқосуда Мәдени елді мекенінің тұрғыны Б.Дербісов округте әлеуметтік мәселелердің шешімін тапқанын, бүгінде елді мекенде тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалғанын айтып, игі істің басында жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізді. Дегенмен, уақыт озған сайын халықтың тұтынушылық қажеттіліктері артуына байланысты, тұрғындар бірқатар мәселелерді атқарушы билік назарына ұсынды. Ауыл тұрғыны жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында спорт кешенін тұрғызу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Сарқырама елді мекен тұрғыны Теріскей көшесін асфальттауды сұранды. Ауылдағы ауыз су мәселесі  «Ленгер су» мемлекеттік мекеме балансына алу қажеттігі де кездесу барысында сөз болды. «Ақсай» ӨК төрағасы К.Темірұлы округ Сайрам аумағында орналасқандықтан, ондағы карьер жұмысы шаруашылықты жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын, оны жабу жөнінде шешім шыққанымен, жүзеге аспай отырғанына шағымданды. Округ әкімдігінің бюджет саласында ашықтық болу қажеттігі, ветеринар мамандарының төрт түлікке егетін вакциналарға қатысты ақпаратты халық арасында кеңінен түсіндіруі жөнінде ұсыныстар айтылды.

Кездесуде  көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы әр сұраққа жауап беріп, оның шешілу жолдары бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде түсіндіріп өтті. Жиынды қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы кездесу барысында айтылған және арнайы жәшіктер мен интернет желілері арқылы түскен барлық сұрақтар мен ұсыныстар жинақталып, ол бойынша арнайы іс-шара түзіліп, орындалуы бақылауға алынатынын айтты. Сондай-ақ, әрбір берілген сұрақтар иесіне жауап жолданып, ол БАҚ беттерінде және аудан әкімінің ресми сайтында жарияланады.

Өмірзақ Шөкеев: «Туризмді дамыту– Түркістан өңірінің басым бағыттарының бірі»
Аудан әкімі тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу