Келесте 3 мектеп салынып жатыр

Oinet.kz 27-07-2022 605

Screenshot_2.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 жыл бұрын республикада 800 мектеп салуды міндеттеген болатын. Бірақ бұл елдегі тапшылық мәселесін шешпейді. Қазір мектептерде әрбір баланы оқу партасымен қамтамасыз етуге қосымша 225 мың орын қажет. 2025 жылы көрсеткіш 1 млнға жетуі мүмкін. Сондықтан Президент алдағы 4 жылда мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Жаңа мектептер құрылысына бюджеттен бөлек, жеке инвесторлардың қаражаты тартылады деді. 

2025 жылға қарай елде жаңадан 1 мың мектеп салынуы керек. Әсіресе, ауылдарда толық кешенді білім ошақтары пайда болуы тиіс. Мұндай тапсырманы  Мемлекет басшысы жауапты мекеме өкілдеріне былтырғы халыққа арнаған Жолдауында жүктеген болатын.

Жарты миллион оқушысы бар Түркістан облысында қазіргітаңда 951 білім ұясы бар. Мамандардың айтуынша, өңірде мектеп мәселесін шешудің жоспары бекітілген. Қазіргі уақытта 59 мектеп салынып жатыр. 2022 жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес 34 мектеп пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдар аралығында жалпы Түркістан облысында 105 мектептің құрылысы жүргізіледі. Қазір оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектеп мәселесі біртіндеп шешімін табуда дейді салаға жауаптылар. 

Осы ретте Келес ауданында 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың екеуі биыл пайдалануға берілсе Қошқарата ауылдық округіндегі С.Сейфуллин мектебінің оқушылары  келесі жылдан жаңа ғимаратта білім алады. 

 Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ауданда құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарында болып, мердігерлермен кездесті. Аудан басшысы кездесуде құрылысшыларды жергілікті тұрғындар арасынан тарту мәселесін көтерді.  Аудан әкімінің ұсынысын мердігер мекеме өкілдері құптап, Ошақты ауылдық округіндегі 300 орындық Абай атаындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар арасынан 30 азаматты тартуға ұйғарым шығарса, Қошқарата ауылдық округіндегі С.Сейфуллин жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары енді басталуына байланысты алдағы уақытта жергілікті әкімдік арқылы азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жұмыстарды атқаратын болды.  

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апта басында өткен аппараттық жиында өңірлерде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту бойынша қажетті шараларды ұйымдастыруды аудан әкімдеріне тапсырған болатын. Бұл жұмыстар «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған  ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады.  

Мүгедектерге қамқорлық жасалуда
Келесте күн электр станциясы салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу