Келесте күн электр станциясы салынады

Oinet.kz 27-07-2022 655

Screenshot_3.png

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім сақталған.2018 жылмен салыстырғанда осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп  өнім   көлемі  1,6  есеге  артып, 707,8 млрд. теңгеге жетсе, ауыл  шаруашылығы  өнімі   1,7  есеге артып, 906,5 млрд. теңгені құрады. Өңірде инвестиция тарту ісі де алға жылжыған. Инвестиция тарту мақсатында Түркістан қаласында «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Осы атаумен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және инвест орталығы да  ашылған.

Ал 2020 жылы облысқа 703,3 млрд.теңге инвестиция бағытталып,  инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикада 1 орынға шыққан болатын.

Соңғы жылдары Келес ауданы да инвесторларды қызықтырып келеді. Осы орайда ауданда құны 12 миллион долларды құрайтын күн электр станциясы салынбақ. Құрылыс жұмыстарын «UBS KZ» және «UBS Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Бұл жоба Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округі аумағынан іске аспақ. Ол үшін арнайы 50 гектар жер аумағы бөлінді. Аталған аймақта электр станциясының қазығын қағу рәсімі өтіп, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Абай Құланбай және Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев шараға арнайы қатысты. 

 – Инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуын өрге тартады. Ауданымызға келіп, жаңа технологияларды енгізе отырып, ауданымыздың дамуына сеп бола білген инвесторларға ризашылығымды білдіремін. Жоба аясында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрғындардың сапалы электр қуатымен қамтуға қол жеткізбекпіз, – деді Алмас Икрамұлы өз сөзінде. 

Бұл станция  сағатына 20 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Жалпы өткен жылы Келес ауданында өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемі 499,7 млн. теңгені құраған. 2021 жылы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемін 400,0 млн. теңгеге жеткізу жоспарланып, меже өткен жылдың 11 айында артығымен орындалған. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың 11 айында 10 064,3 млн. теңгені құраған. Нақты көлем индексі алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,5%-ға орындалған. Мамандардың айтуынша ауданға барлығы 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7 млрд. теңгеге өскен. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 0,7 миллион теңге, жергілікті бюджет есебінен 1,6 миллиард теңге, меншік қаражат есебінен 2,5 миллиард теңге және басқа да қарыз қаражат есебінен 0,1 миллиард теңгені құраған. Тартылған инвестиция ауданның әлеуметтік-экономикасына қарқын беріп, тұрғындардың жұмыспен қамтуына мүмкіндік ашты. Айталық тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 1527 азамат, оның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарына 216 азамат, жастар практикасына 331 азамат, ақылы қоғамдық жұмыстарға 660 азамат және алғашқы жұмыс орындарына 15 тұрғын жолданған.

Келесте 3 мектеп салынып жатыр
Қордаланған мәселелер шешімін табуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу