Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Oinet.kz 16-07-2022 290

Screenshot_16.png

Кеше Шардара аудандық қоғамдық кеңестiң кезектi жиыны болып өттi. Жиынға аталған кеңес мүшелерi, аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Шомпиев және БАҚ өкiлдерi қатысты. 

Отырысты қоғамдық кеңес төрағасы М.Нұрпейiсов жүргiзiп отырды. 

Жиын барысындағы күн тәртiбiнде аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мемлекеттiк бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстары жөнiнде, аудандық ауыл шарауашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарған жұмыстары туралы, облыстық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны Шардара аудандық филиалының ветеринариялық iс-шаралардың орындалуы бойынша атқарған жұмыстары жайлы мәселелер қаралды.

Алғаш болып мiнбеге көтерiлген аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң басшысы Талғат Әлiмқұл хабарлама жасады. 

– Ауданымызда бүгiнгi таңға дейiн 58908 бас iрi қара, 218852 бас ұсақ мал, 17500 бас жылқы, 2520 бас түйе, 133 шошқа тiркелген. Аталған мал басына қажеттi сояулы мал азығының көлемi 203500 тоннаны құрайды. Қазiргi таңда 109250 тонна мал азығы дайындалды. 

Барлық мал басына қажеттi жем көлемi 36100 тонна. Оның 29380 тоннасы өзiмiзде өндiрiледi. Қосымша қажеттi жемдi Қазығұрт ауданынан сатып алу жоспарлануда, – деген бөлiм басшысы жайылымдық жерлердi кеңейту мақсатында жұмыс жасап жатқандарын, мал етiн импорттауды қолға алатындарын жеткiздi.

Келесi кезекте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны Шардара аудандық филиалының басшысы Бақытжан Мыңбатыров малда жиi кездесетiн құтыру ауруына, аусыл, Сiбiр жарасы, қарасан, лептосприоз, пастарелла, оба, брадзот, эктима, күл ауруларына, құс тұмауына қарсы жүйелi түрде дәрiлер егiлiп жатқанын атап өттi. 

Күн тәртiбiндегi үшiншi мәселе бойынша сөз алған аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» басшысы Н. Майханов мемлекеттiк бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өттi. Хабарламашының сөзiнен соң аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесi Қ.Iлесов сөз алып, бiр апта бұрын осы саланың жұмыстарына тексерiс жүргiзгенiн, тексерiс нәтижесiн баян еттi. 

–«Жұмыспен қамту орталығының» берген мәлiметiне орай қайтарымсыз грант алған кәсiпкерлердiң жұмыстарымен етене танысып шықтық. Ол азаматтардың тиiстi деңгейде жұмыс жасап жатқанына көз жеткiздiк. 115 адам, тарата айтқанда, Шардара қаласында – 67 азамат, Қ.Тұрысбеков ауылында – 8, Қоссейiтте – 4, Көксуда – 10, Ұзын атада – 6, Алатау батыр ауылында – 12, Қызылқұм ауылында – 3, Достық ауылында – 2, Жаушықұмда – 3 адам 583 000 теңгеден қайтарымсыз грант алыпты. Жұмыстарына көңiл толады, – дейдi Қ.Iлесов.

Жиын барысында аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшесi Б.Кеншiм қоғамдық кеңес тарапынан жолданған сауалдарға жауап бермеген 7 ауыл әкiмiнiң жауапкершiлiгiн қарауды ұсынды.

Жоғарыда аталған және өзге де мәселелердi ортаға салған қоғамдық кеңестiң кезектi жиыны тамыз айына белгiлендi.  

Шаруалар жанар-жағармайдан таршылық көрмейді
Әкім ауыл аралап жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу