Кәсіпкер атануға мүмкіндік көп

Oinet.kz 19-07-2022 243

Screenshot_18.png

Елімізде қазіргі таңда Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Ағымдағы  жылы жоба аясында республикада 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Осы орайда Шардара ауданында бағдарлама аясында кәсіп ашып немесе екі қолға бір күрек тауып жатқан жандар көп. 

Таяуда Шардара аудандық «Жұмыспен қамту орталығына» қарасты жұмыс берушiлер мен жұмыс жасау бөлiмiнiң бас маманы Бағила Ибрагимованың ұйымдастыруымен Шардара ауданы бойынша 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасының шеңберiнде  республикалық бюджеттен жеке кәсiп ашу мақсатында 583400 теңге көлемiнде грант ұтып алған жас кәсiпкерлердiң жұмыс барысымен танысу мақсатында кездесу өтті. Жас кәсiпкерлердiң еңбегiн бағалап, жасаған жұмыстарына тәнтi болғандардың қатарында аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қыстау Iлесов, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Бектасов, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лахановтар болды. 

Республикалық гранттың иелерi – Қалия Жолдасова (жартылай дайын фабрикат тағамдарын ашқан), Шолпан Нұранқызы (кондитерлiк өнiмдер), Еркебұлан Әбiл (наубайхана ашқан), Қуаныш Бекбенбетов (шаштараз), Әсел Мүйтеновалар (кондитер цехы) бүгiнгi күнi өз кәсiптерiн дөңгелетiп отырған жас кәсiпкерлер. Мемлекеттiң берген қаржысын дұрыс, тиiмдi пайдаланып, өз кәсiптерiнiң жемiсiн көрiп отырған жайлары бар. 

Жас кәсiпкер Шолпан Нұранқызы «Кәсiп бастағысы келетiндерге айтарым, ешқашан ақшаны алдыңғы орынға қоймаңыз. Ең бастысы – жүрек қалауы, сосын ниет. Бiр тиыныңыз болмаса да жүрегiңiз қалап тұрса, Құдай өзi қиыннан қиыстырады. Кәсiптегi басты ереже – адал жұмыс жасау. Ешкiмнiң ақысын жемеңiз» дейдi.

Қазiргi заман – бизнестiң заманы. Сол үшiн де кәсiп ашамын, кәсiпкер боламын десеңiздер мемлекет тарапынан көрсетiлетiн көмек пен қолдау өте көп. Мүмкiндiктер де аз емес. 

«Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дейді Қадыр ақын. Сондықтан қай-қайсымыз, әсіресе, жастар «жұмыс жоқ» деген сылтауды ысырып қойып, іздену керек, еңбектену қажет. Оның үстіне мемлекет жұмыссыздарға «балық орнына қармақ беретін» «Еңбек» секілді бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Ендеше, қолыңнан іс келіп тұрғанда, күш-жігерің барда қолдауды барынша пайдалан!


Әкім ауыл аралап жүр
Достықта жаңа мектеп салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу