«Мектепке жол» облыстық акциясы басталды

Oinet.kz 02-08-2022 236

Screenshot_24.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің отырысында аз қамтылған отбасыларға қалай қолдау көрсетілетінін айтқан болатын.

- Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арнайы кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылады. Мектепке дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен және тағы басқа алғашқы керек жарақпен қамтамасыз етіледі. Ал оқушылар мектепте ыстық тамақ ішіп, күнделікті сабақтарына тегін барып келеді. Сондай-ақ оларға мектеп формасы мен оқуға қажетті заттар үлестіріледі. Әрине бұлардың барлығы мемлекет қаржысына жасалатын болады, - деген еді Президент.

Осы орайда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Н.Нұрлыбаев аз қамтылған отбасыларға қандай көмек көрсетілетіні туралы хабарлады.

«Бүгін жыл сайынғы «Мектепке жол» облыстық акциясы басталды.  Басты мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушылардың және жетім балалардың, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке келмеуінің алдын алуға бағытталады. Яғни оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсетіледі. Бұл акция 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізіледі», - деді  Нұржан  Мәдірайұлы.

Спикердің сөзінше, әрбір елді мекенде, қала маңындағы саяжайларда, бөлімдерде, фермаларда «тәуекел тобындағы» балаларды анықтау үшін рейд жүргізілмек. Рейдтердің қорытындысы бойынша тізімдер жасалады. Бұл тізім білім беру органдары мен демеушілерге беріледі.

Сонымен қатар, акция кезеңінде сенім телефондары мен қоғамдық қабылдаулардың үзіліссіз жұмысы ұйымдастырылады.

Брифинг барысында, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғ.Әмірәліқызы, тізімдер ата-аналардан өтініштерді қабылдау арқылы жасалатынын және оған белсенді қатысуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

«Балалар жылында» Кентауда халықаралық балалар марафоны өтеді
Түркістан облысының спортшылары 40 медальмен топ жарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу