Жасыл технологиялар көрмесінде Шымкент ғалымдарының бірегей жобалары таныстырылды
Астана қаласында бірқатар елдің Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Өңірлік экологиялық RES 2026 саммитіне Шымкенттен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен ғалымдардан құралған делегация қатысуда.

Саммиттің мақсаты – жасыл энергетиканы дамыту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экожүйені сақтау, қоршаған ортаны қорғау және өзекті экологиялық мәселелерді шешу арқылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болса, бұл бастамаға Әуезов университетінің ғалымдары үлкен ізденіспен барып, бірегей жобаларын ұсынды.
Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Грузия, Әзірбайжанның Президенттері, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан халықаралық жиынның негізі бөлігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрақты болашақ, ортақ – көзқарас» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы жиынға қатысқан Орталық Азия және Кавказ мемлекеттерінің басшыларына алғыс айта отырып, экологиялық сын-қатерлердің бірлесе алдын алу мен сақтануға шақырды.
Ауқымды деңгейде өтіп жатқан саммит аясында көптеген іс-шаралар қамтылған. Атап айтқанда, форум, халықаралық кездесулер, сарапшылар пікірталасы және «жасыл» стартаптар байқауы. Жалпы шараға әлемнің 30 елінен 240-тан астам қатысушы жиналып, 120-дан аса павильонда озық жобалар ұсынылды.
Соның ішінде RES 2026 EXPO халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесінде қазақстандық жоғары оқу орындары өздерінің ғылыми жетістіктерін ұсынды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзге елдердің Мемлекет басшыларымен бірге павильонды аралап, жобалармен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көрмедегі еліміздегі ЖОО-ы ұсынған озық және инновациялық ғылыми әзірлемелерімен жеке-жеке танысып, пікірін білдірді.
Солардың қатарында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған өздерінің ғылыми-инновациялық жобаларын көрмеде ұсынды. Павильондағы Әуезов университетінің көрмесіне арнайы аялдаған министр Саясат Нұрбек ғалымдар ұсынған бес бірдей нақты жобамен танысты. Олар:
– қалалық ортаны абаттандыру және ауаны тазарту технологияларын;
– техногендік қалдықтар негізінде капсулаланған фосфорқұрамды минералды тыңайтқыштар өндіру әдістерін;
– хризотил-асбест өндірісінің қалдықтарын кешенді өңдеу технологияларын;
– жер асты суларын тазарту технологиясы және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету;
– топырақтың ылғалдылығын реттеу арқылы оның құнарлылығын арттыруға бағытталған шешімдер.
Саясат Нұрбек ұсынылған жобалардың тиімділігі мен экологияны жақсартудағы әлеуеті жайында мәліметпен толық танысып, ғылыми бастамаларды өндірістік салаға енгізуде ғалымдармен ашық әрі еркін пікір алмасты. Министр ұсынылған жобаларды жоғары бағалап, олардың өңірлік экожүйені дамытуға және экологиялық мәселелерді шешуге қосар үлесі зор екенін ерекше атап өтті.
Бір сөзбен айтқанда, EXPO алаңы жасыл технологиялар мен озық ғылыми идеялардың маңызды алаңына айналды. Бұл бастамалар қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету жолындағы ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын айқын көрсетті.


