Сауран ауданы: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды

Oinet.kz 17-08-2026

Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласының негізгі драйвері – мал шаруашылығы болып отыр. Бүгінде өңірде өндірілген жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің жартысынан астамы аталған салаға тиесілі. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөренің айтуынша, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде өткен жылы салада оң динамика қалыптасты. Биылғы жылдың 6 айында да жақсы көрсеткіш қалыптасып отыр.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, биылғы жылдың жарты жылдық көрсеткіші бойынша, Сауран ауданының экономикалық өсімі облыста аудандар арасында көш бастап тұр. Сөйтіп Сауран ауданы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша үздік атанды. Шындап келгенде Сауран ауданының көшбасшылық көрсеткіші өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың тиімді іске асырылуының, кәсіпкерлікті қолдау шараларының және әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп білем. Яғни, осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші бойынша 126,3 пайызға жетіп, республикада І орынға шықты. Алғашқы алты айда өңірде 873,3 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 423,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Сонымен қатар, негізгі капиталға 894,6 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен. Бұл үлестің ішінде Сауран ауданының көрсеткіші, ауыл шаруашылығы саласы мен ауданға тартылған инвестиция да бар, – дейді Ешжан Бектөре.

Айта кетейік, өңірде ауыл шаруашылығы құралдарын шығарып жатқан «BNK Group» кәсіпорнының өндірістік қызметі Сауран ауданындағы индустриялық дамудың айқын көріністерінің бірі саналады. Заманауи технологияларға негізделген өндіріс орны ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге және отандық өндірісті дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта экспорт көлемін ұлғайтуға да негіз болмақ. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласының дамуына тың серпін береді.

Ал ауыл шаруашылығында атқарылған жұмысқа тоқталар болсақ, Мемлекет басшысының аграрлық саланы әртараптандыру, инвестиция тарту, қайта өңдеуді дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмалары өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыста 325,3 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрады. Ал агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту қарқыны да жоғары деңгейде сақталуда. Есепті кезеңде салаға 153,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда
1,5 есеге артқан. Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы да қарқынды дамуда. 6 айда тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 96,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 126,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде барлық негізгі бағыттар бойынша өсім қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ет өнімдерін өңдеу – 172,1, өсімдік майы және май өнімдерін өндіру – 136,7, сусындар өндіру – 139,6, ұн-жарма өнімдері – 121,4, балық өнімдері – 121,4, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу – 108,5 пайызға жетті.

Облыс көрсеткішінен Сауран ауданы да қалыспай келеді. Өсу динамикасы мұнда да жоғары. Сарапшы мамандардың болжамынша, ауданда ет өндірісі 2,4 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға ұлғайған. Ауданда жүргізіліп жатқан жобалардың және «Ауыл аманаты» жобасының шеңберінде мал санында өсім бар, ол бүгінде шамамен 2,7 пайызға артқан. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара үлесі 10,1 пайызды құраса, асыл тұқымды қой үлесі 20,2 пайызға жеткен.

Мәселен, Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округін алатын болсақ, мұнда 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. «Жасыл аймақ» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Аброр Рыскуловтың айтуынша, алаңда жылына 4000 тонна ет дайындалады. Мал бордақылау алаңы 1,7 гектарға орналасқан. Мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 1,5 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінгі күні кооператив асыл тұқымды мал санын арттыру бағытында жұмысын жолға қойып келеді. Ол үшін шаруашылық мал басын көбейтіп қана қоймай, ет өндірісінің өнімділігін арттыру мақсатында шетелден 500 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алып, жерсіндіруде. Қазір кооператив толық қуатында жұмыс істеп, отандық өндірушілер қатарына қосылған.

Жалпы ауданда  1000 нан астам ірілі-ұсақты қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы жылдары мал бордақылайтын ірі алаңдар көбейіп, жалы саны отыздан асты. Салынып жатқандары да бар. атап өтерлігі асыл тұқымды мал басын арттыруды қарқыны жақсы. Мәселен, өңірде мүйізді ірі қараның 20 пайызға жуығы асыл тұқымнан алынған төл. Солардың бірі жоғарыда айтқан «Жасыл аймақ» 5 басқа арналған бордақылау кешені.  

Бұдан бөлек, өңірде құс шаруашылығы бағытында да өңір әлеуеті артып келеді. Сауранда 280 мың басқа арналған «Eco-Chicken» ЖШС жұмыс істеуде. Серіктестік – өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания бройлер тауық етін өндіру және өңдеумен айналысып, құс өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды жүзеге асырады.

Сауран ауданы: Балық шаруашылығын дамыту – қожалықтардың тұрақты табыс көзі
Сауран ауданы: Жайылым жер мәселесі жиында қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу