Сауран ауданы: Жайылым жер мәселесі жиында қаралды

Oinet.kz 18-08-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауында мыңдаған гектар аумақты қажетке жаратпай отырған жер иеле­ріне сын айтқан болатын. Сондай-ақ әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай иге­рілмеген жердің бар-жо­ғын анықтау қажеттігін ескертті. Өнім өндіруші кәсіпкерлерге жер телім­дерін ашық әрі жедел бөлу­дің тиімді тәсілдерін ай­қындау да – Президент жүктеген жауапты мін­дет. Осы мақсатта аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

ол жиынға аудан прокуроры А.Асылбеков, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Кишибаев, аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Е.Қанатбек, ауылдық округ әкімдері, жер мамандары, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Мәжіліс барысында жер саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, жер учаскелерін пайдалану мерзімін ұзарту, жер телімдерінің іргелес аумақтарын кеңейту, заңсыз салынған құрылыстарды заңдастыру мәселелері күн тәртібіне шығарылды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Сауран ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев баяндама жасап, жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесіп отырған мәселелерге тоқталды.

Бүгінгі күні елімізде пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Республика көлемінде айтар болсақ, 2026 жылы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған немесе жер заңнамасы талаптарына сәйкес келмейтін 1 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлаған болатын.
Жалпы, Президент тапсырмасымен 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,4 миллион гектар жер қайтарылыпты.

Сауран ауданында жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы са­ласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Билік пен тұрғындар ортақ шешімге келіп, тұрғындар өз жерлерінің белгілі бір мөлшерін мемлекетке қайтарып жатыр. Мәселен, бұған дейін Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты елді мекендерде 29 жер иеленушілердің жалпы алаңы 3957,51 гектар жер учаскесі анықталып, ортақ жайылымға қайтару бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындары Сатибалдиев Юлдашқа тиесілі жалпы алаңы 143,91 гектар, Сатибалдиев Закирге тиесілі жалпы алаңы 92,76 гектар, Мехманов Елмуратқа тиесілі жалпы алаңы 131,18 гектар, жалпы аумағы 367, 85 га жер учаскелерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды.

Түркістан өңірінің жалпы жер қоры 11 миллион 610,3 мың гектар. Биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 40 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін бұл көрсеткіш 47,6 мың гектарға жеткен.  Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаның иелігінде жалпы көлемі 4 миллион 527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Жер пайдаланушыларға жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану қажеттігі жөнінде хабарламалар берілген. «Жыл басында елді мекендерде 531,1 мың гектар қоғамдық жайылым тапшылығы анықталды. Биыл бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектарын ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым ретінде бекіту жоспарланған еді. Жыл басынан бері 165,6 мың гектар жайылым жер қоғамдық жайылым үшін бекітілді. Нәтижесінде қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарға дейін төмендеді. Біздің ауданда да бұл жайлым жерлерге сұранысты төмендету бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған, – деді бөлім басшысы.

Жер – халықтың бірден бір қажеттілігі. Жерді халық ортақ игілігіне пайдаланғаны абзал. Ал, ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жайылымды игеру. Ел Президенті де сол үшін осы мәселеге маңыз беріп отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әкімдіктерге қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерлерін 2026 жылдың ортасына дейін айналымға енгізуді және оларды бөлу тетігін өзгертуді тапсырды. Оны орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерді бөлу жоспарын әзірлеп, өңірлерге жіберген болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді бөлу кезінде бірінші кезекте ауыл тұрғындарының жайылымға деген қажеттілігі және фермерлердің мүдделері ескерілуге тиіс екенін атап өтті. Бұл – жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту мүмкіндігін арттырып, мал шаруашылығын дамытады және әлеуметтік шиеленісті төмендетеді. Басты жаңалық – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу үдерісін цифрлық форматқа көшуі. Бұдан былай шешімдер электронды конкурстар негізінде қабылданады. Іріктеу инвестиция көлемінің, техника мен малдың болуы, білікті мамандармен қамтамасыз етілуі сияқты негізгі өлшем шарттар бойынша жүргізіледі. Жерлерді цифрландыру – маңызды қадам. 2024 жылы барлық ауыл шаруашылығы жерлерін (шөлді аумақтардан басқа) цифрландыру аяқталды. Қазіргі таңда ауданда бұл бағытта жұмыстар жалғасып, жайылымға берілген жер көлемі артуда, – дейді Асылбек Патсаев.

Келесі болып ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөре сөз алып, облыс әкімі бекіткен үш жақты келісімнің алты айлық жоспардан шығуы бойынша орындалуы жайында баяндама жасады. Ол агроөнеркәсіп кешені бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуы мен кейбір бағыттардағы кідірістерге тоқталып, нақты шешу жолдарын ұсынды.

Сондай-ақ ол жайылымдардың тозуымен күресудің маңыздылығын, мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын жаңарту үшін ауылдық округтердің маңындағы жайылымдарды қалпына келтіру қажеттігін, бұл уақытты талап ететінін, сондықтан қайта егу жұмыстарын қазірден бастау керектігін атап өтті. оның сөзінше, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 392100 гектарды құрайды. Оның 44441 гектары суармалы, 3257 гектары шабындық, 344402 гектары жайылым.

Одан кейін аудан әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Нұрмұхаммед Сұлтанмұрат баяндама жасап, қала құрылысы қорытындысын беру қызметіндегі заң талаптары мен өзекті мәселелер жөнінде мәлімет берді.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың хаттамаға енгізілуін тапсырды. Сондай-ақ, мәжілісте анықталған кемшіліктер бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті шаралар қабылдап, жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.

Сауран ауданы: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды
Сауран ауданы: Мал азығы қоры жинақталуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу