Сауран ауданы: Мал азығы қоры жинақталуда

Oinet.kz 18-08-2026

Сауран ауданында ауыл шаруашылы саласын әртараптандыру табысты жүргізіліп келеді. Соның арқасында мал басы артып, экспорт бағытында да оң динамика қалыптасып отыр. Жалпы жыл басынан бері облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлемі 2 есеге ұлғайған. Мұнда Сауран ауданының үлесі айтарлықтай жоғары.

Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында биыл облыста егіс алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға ұлғайып, жалпы 919 мың гектарға орналастырылды. Ал Сауран ауданында егіс көлемі 1,5 мың гектарға ұлғайып, 45 мыңнан аса жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. 

Бүгінгі күні Түркістан облысында егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар 326 мың гектарға, майлы дақылдар 87 мың гектарға, көкөніс 42 мың гектарға, бақша 62 мың гектарға, картоп 12 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 228 мың гектарға және мақта 162 мың гектарға орналастырылған. егілді. Бұл егіс алқаптарынан бүгінде 242 мың тонна масақты дақыл, 583 мың тонна көкөніс, 750 мың тонна бақша, 207 мың тонна картоп, 3,2 миллион тонна мал азығы дақылдары жиналған. Әлі де жиын-терім жұмыстары жалғасуда.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөренің айтуынша, Сауран ауданының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға басымдылық берілуде. Осы жылдың алты айында ауданда мал басы саны артып, тиісінше, өнім көлемі де еселене түскен.

– Бүгінгі күні Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің бірі болып табылады. Бүгінде республикадағы мүйізді ірі қара малдың 13 пайызы немесе 1 миллион 238,6 мың басы, қой-ешкінің 20 пайызы немесе 5 миллион 211,6 мың басы, жылқының 10 пайызы немесе 549 мың басы, түйенің 14 пайызы немесе 46,1 мың басы облыстың үлесінде. Алты айдың қорытындысында облыста 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт және 170,8 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Мал шаруашылығының тұрақты дамуы экспорт көлемінің артуына да тікелей ықпал етуде. Қазіргі таңда республикадан экспортталатын мүйізді ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы облыс үлесіне тиесілі. Есепті кезеңде шетел нарығына 10,3 мың тонна сиыр еті мен 14,4 мың тонна қой еті экспортталған. Ал Сауран ауданында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал басы 12,6 пайызға артып, 90 мың басқа жеткен. Аудан бойынша мүйізді ірі қара малдан бөлек 467996 бас уақ мал, 15667 бас жылқы, 3313 бас түйе, 139548 бас құс бар. Мал мен құстың барлық түрлерінің тірідей салмақта союға өткізілгені 12148,8 тоннаны құрайды. Сондай-ақ 829,2 тонна қой жүні қырқылып, өсім көрсеткіші 8 пайызды құрады, – дейді бөлім басшысы.

Бүгінгі күні ауданда алдағы мал қыстату науқанына дайындық қарқынды жүргізілуде. Жалпы ол үшін 308,2 тонна мал азығы дайындалу жоспарланған. Бүгінде 90 мың тонна жоңышқа, 7 мың тонна пішен, 5 мың сабан, 220 мың тонна табиғи шөп дайындалған. Қазіргі уақытта қажетті мал азығын жинау жұмыстары жалғасуда.

Сауран ауданы: Жайылым жер мәселесі жиында қаралды
Сауран ауданы: Құс шаруашылығына басымдық берілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу