Сауран ауданы: Құс шаруашылығына басымдық берілуде

Oinet.kz 19-08-2026

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар көп. Осы ретте Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында құс шаруашылығын дамыту бойынша арнайы жоспар құрылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен,

Сауран ауданындағы Яссы ауылдық округінде жылына 60 тонна құс етін өндіретін «Сулеймен Ата» шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Бүгінде фабрикада «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөренің айтуынша, бүгінгі күні аудан әкімдігінің алдына қойылып отырған міндеттің бірі – инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы тұрғындардың табысын арттыру. Осы бағытта ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Сауран өңірі – ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан дәстүрі бар, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқан аймақ. Бүгінде біз өндіріс көлемін арттырумен қатар, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Құс шаруашылығы – стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі. Бұл сала халықты қолжетімді әрі сапалы ақуыз көзімен қамтып қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Аталған жобаның іске асуы өңірді сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етіп, құс шаруашылығының толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және саланың тұрақты дамуына жол ашады, – деді ол.

Өндіріс орны азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. «Сулеймен Ата» шаруа қожалығы өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта өнім көлемін 120 тоннаға ұлғайту жоспарланған. Қазіргі таңда шаруақожалық Түркістан қаласын толықтай құс етімен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, фабриканың жанында арнайы жем дайындалады. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтары өндіріледі.

«Адам баласы қандай қиындық көрсе де, тек алға ұмтылғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Алдына биік талап пен мақсат қоя білген адам ғана барлық тұрмыс тауқыметі жеңіп шығады. Адамды еңбек қана табысқа жетелеп, несібесін арттырады», дейді қожалық иесі.

Бастаған ісін аяғына дейін апару кәсіпкердің басты мақсаты. Асырай білгенге құстың да табыс көзіне айналдыруға болатынын ол еңбегімен дәлелдей білді.

Айта кетсек, фабрика барлық талаптарға сай жасақталған. Оның ішінде құстарға жем-су беру толық автоматтандырылған жүйеге қосылған. Бір ерекшелігі, фабрикадағы құстар ешқандай гормондық қоспаларсыз және өсу стимуляторларысыз өсіріледі. Алдағы уақытта шаруа фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттыруды жоспарлаған. Қазіргі таңда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Сауран ауданы: Мал азығы қоры жинақталуда
Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығында қолға алынған ірі инвестициялық жоба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу