«Куршевельден» бір мысқал кем түспейтін «Алатау»

Oinet.kz 05-01-2019 1051

Screenshot_6.jpg

Кейде мына қым-қуыт, еш бітпейтін күйбең тірліктен шаршайтын кездерің болады. Бәрін тастап, әлдеқайда, тып-тыныш жерге кетіп қалғың келеді. Сонда жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен жүйке талшықтарыңды реттеп, армансыз демалуды қалайсың. Өткен жексенбіде осының сәті түсті. Біз табиғаты әсем Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағындағы «Алатау» шаңғы базасына бардық.

Бірнеше жүз мың көлігі бар қалада әбден түтін аралас ауа жұта бергесін бе, мұнда келгенде, аздап бас айналды. Себебі, тау етегінде ауа тап-таза екен. Терең-терең тыныс алдық. Қос өкпеге саф ауа құйылып, жадырап қалдық. Айнала аппақ қар. Көзің қарығады. Дәл алдыңда көкпен таласқан Тянь-Шань тауының батыс сілемі жатыр. Бір-біріне жалғасып, жоғары қарай өрмелеп кете беретін тау жоталары мен қыраттар сізді тамсандырмай қоймайды. Міне, дәл осы жоталарда «Алатау» шаңғы базасы салынған. Соңғы 3 жылда бұл базаның қызмет көрсету аясы кеңейіп, модернизациялық жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда мұнда халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтар орнатылған. Алыс-жақыннан келген қонақтар мен туристерге сапалы қызмет көрсетіледі. 

Шаңғы базасы орын тепкен тау жотасының басында «Бәйтерек» қарау алаңы бар. Мұнда шықсаңыз, өзіңізді құдды Толағайдай сезінесіз. Ақсу-Жабағылы қорығының тұмса табиғаты, Тоғыс және Доңғыстау өзендерінің ну жағасы, Төлеби ауданының шетіндегі ауылдар алақандағыдай көрінеді. Туристерге эйфориялық сезім сыйлайтын  қарау алаңына шығу үшін ыңғайлы отырғышы бар аспалы арқанды жол тартылған. Ұзындығы – 1300 метр. Ал, жерден биіктігі 10-50 метр. Біз осы аспалы жолмен жота басына шықтық. Сондағы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мың рет естігенше, бір рет көрген артық дейді ғой. Түнеугүні қар жапалақтап жауған соң ба, сол күні мұнда келген демалушылар қарасы көп болды. Бірі шаңғы, сноуборд тепсе, енді бірі спорттық моторлы шанамен серуендеп жүр. Жай ғана көз сүріндірер тау табиғатын тамашалап жүргендер де аз емес. Біз асай-мүсейіне дейін асынып, спорттық үлгіде киініп алған Қайрат Нышанқұлов есімді демалушыны сөзге тартқан едік:

- Мен шаңғы тепкенді ұнатамын. Жақында осында қысқы маусым ашылды дегенді естіп, отбасымды ертіп келдім. Өткен жылмен салыстырғанда мұнда қызмет сапасы әлдеқайда артқан. Бағасы да қолжетімді. Бұрын Қазақстандағы жалғыз Шымбұлақ шаңғы базасына теледидардан қарап, сүйсініп отырушы едік. Құдайға шүкір, мұндай база енді өзімізде де бар. Енді «Алатауға» апта сайын болмаса да, екі аптада бір келіп тұрамын. Себебі, тау ауасы денсаулыққа өте пайдалы. Ал, тау ауасында серуендеп, шаңғы тепсеңіз, қан айналымыңыз жақсарып, арқаңыздан ауыр жүк түскендей сезімде боласыз, - деп ағынан жарылды.

Біз Қайрат ағадан бөлек, басқа демалушылармен әңгімелескенімізде, олар облысымызда осындай заманауи үлгіде салынған шаңғы базасы барына қуанатындарын жеткізді. Ал, көршілес Жамбыл облысынан, Алматы қаласынан келген қонақтар Оңтүстік өңірінде мұндай қысқы демалыс орны барын білмегендерін айтты. Алғаш келгенде таңданыстарын жасыра алмапты. «Алатау» жайлы жора-жолдастарынан естіп білген көрінеді. Расында мұнда насихат жетіспейді. Әйтпесе, «Алатау» бүкіл әлем халқы білетін Франция еліндегі «Куршевель» тау шаңғы курортынан бір мысқал кем түспейді. Оның мүмкіндіктері жайлы шаңғы базаның басқарушысы Нұрбол Айтбаев баяндады:

- Жалпы, осыған дейін мұнда 1300 метр болған шаңғы жолы 1800 метрге дейін ұзартылды. Сонымен қатар, биыл жаңадан моторлы шана жолын салып біттік. Бұл келушілерге өздерін спортшы ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Қар қалың жауған күні келушілер саны артады. Ал, жаймашуақ ауа-райында адам қатары сиреп қалады. Себебі, қар еріп, шаңғы тебуде ыңғайсыздықтар туындайды. Сондықтан да біз күн жылыда арнайы аппараттар арқылы жотаға жасанды қар шашамыз. Бұның кәдімгі табиғи қардан еш айырмасы жоқ десе болады. Әрине, тау етегі жылы болғанымен, төбесі суық. «Жаурап қаламын, балам жаурап қалады» деп алаңдайтыныңыз анық. Сол себепті, біз мұнда шаңғы тебуге арналған арнайы киімдермен қатар, су өтпейтін матадан тігілген қалың киімдерді де жалға береміз. Қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ететін нұсқаушылар жаныңызда жүреді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, жота басына арнайы орындықтары бар аспалы арқанды жол арқылы шыға аласыз. Бағасы – 500 теңге. Орындықтар 3 адамға лайықтап жасалған. Аспалы жол жарты сағат ішінде 450-ден астам адамды тасымалдай алады. Жылдан-жылға туристер саны артып келеді. Нақтырақ айтсам, Өзбекстаннан, Қытайдан келіп жатқандар бар. Әйтеуір, көбісі разы болып, сапалы сервис үшін алғыстарын айтып жатады. 

Оңтүстікте жаз ұзаққа созылады. Ал, қыста жарытып қар жаумайды. Осы себепті шығар, облыста көп жылдар бойы қысқы спорт түрлеріне онша көңіл бөлінбей келді. Спортшыларға лайықты жағдай жасалмады. «Алатау» шаңғы базасы басшылары  осы олқылықты реттеп, спортшылармен бірігіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Расында мұнда алаңқай кең. Спортшы қалағанынша ойқастап, еркін көсіле алады. Біз шыдап тұра алмай, арнайы киім киіп, шаңғы тебу қызығына кірісіп кеттік. Моторлы шанамен қар боратып, мәз болдық. Арнайы нұсқаушылар шаңғыны қалай тебетінін, шананы қалай айдау керектігін үйретіп, қолдан келген көмектерін аямады.

Әрине, ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой. Кешқұрым діңкелеп шаршайсыз. Сонда сіз «Тау самалы» қонақ үйіне түней аласыз. Немесе осындағы кішігірім коттедждерді жалға алып демалуыңызға болады. Мұнда стандарт нөмірден люкс нөмірге дейін бар. Қарныңыз ашса, рестораннан тамақтанасыз. Экологиялық таза өнімдерден жасалған тамақтары тіл үйіреді.

Егер сіз демалысты қыс мезігілінде алсаңыз, еш өкінбеңіз. Сізді «Алатау» шаңғы базасында талай қызықтар күтіп тұр. Шетел аспай, осында келіңіз. Демалысыңыз ойдағыдай өтеді.

«Алатау» шаңғы базасы әлі үздіксіз дами береді. Осылайша, біз Оңтүстік өңірінде туризм саласының өркендеп келе жатқанына куә болдық.

Абылай Есімбай,

«Рейтинг» газеті №46, 1 желтоқсан 2016 жыл

Қылует жер асты мешітінде қайта жаңарту жұмыстары жүруде
Түркістандағы Күлтөбе қалашығынан II-III ғасырға тән алтын әшекейлер табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу