Елімізде фонограммамен ән айтатындардың жағдайы қиындады

Oinet.kz 21-02-2020 1198

Ендігі кезекте елімізде әнші әнін фонограммамен айтатын болса, алдын ала халыққа ескертуі тиіс. Бұл туралы еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова айтты, деп хабарлайды Baq.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz. 

b795d4982fbabd9df0992b71434de1d6.jpg

- Заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Жұмыс тобы құрылды. Заңнамамыз жақында мәжілістің бірінші отырысында талқыланды. Бұл заңда бірнеше мәселе қамтылған. Ең алдымен фонограмманы қолданатын орындаушы өзі туралы жарнама жасаған кезде, билет сататын кассада міндетті түрде ол туралы хабарлауы керек. Оны хабарлау тәртібін заң қабылданған соң бұйрықпен бекітеміз. Сол кезде көрерменнің ол концертке "бара ма, жоқ па" таңдауы болады. Мұның бәрі концерттің билет бағасына әсер етеді. Жеке өз басым фонограммамен ән айтатындардың концертіне қымбат билет сатып алмас едім. Сөйтіп, біз көрерменнің таңдауын анықтаймыз, - дейді Күміс Сейітова.

Оның айтуынша, заң қабылданатын болса, әртістердің бәрі фонограмма қолдана ма, жоқ па міндетті түрде хабарлайтын болады.

- Мұндай тәжірибе әлемнің біраз елінде бар. Тіпті, кейбір мемлекеттер толығымен шектеу қойып тастаған. Заң қабылданып жатса, Қазақстан аумағында концертте ән айтқан әртістің бәрі бұл заңға бағынады, алдын ала хабарлайды. Бұл жерде елімізге келіп, концерт қоятын шетелдік әртістерге де қатысты. Сосын концерт өткізген кезде орындаушының мінез-құлқы дұрыс болуы керек. Бұл туралы концерт ұйымдастыратын адам немесе ұйым өзінің келісімшартында жазып қоюы керек. Одан бөлек, балағат сөздері бар репертуарларға жол берілмеу керек. Осы үш талапты талқылап, жаңа заңға енгізуді көздеп отырмыз, - дейді мәдениет және өнер істері департаментінің директоры.

12 адамның өлімін менің мойныма іліп жібермекші - Bek Air ұшағы соғылған үйдің иесі
Ұшақта дүние есігін ашқан сәбиге қандай жағдай жасалған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу