Нығматулин: «Халық оны қалай төлейді? Неге соны ойламайсыздар?»

Oinet.kz 15-04-2020 5388

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша жаңа заң жобасын талқылау кезінде депутаттар үй телефоны қызметінен субсидиялауды алып тастауға қарсы шықты. Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды. 

Screenshot_1.jpg

Заң жобасында елді мекендерде байланыстың әмбебап қызметтерін субсидиялауды алып тастау көзделген.

- Бұл дегеніміз – кәдімгі үй телефондары. Енді осы норма ауыл тұрғындарын бірден-бір байланыс құралынан ажыратқалы отыр. Сол себепті әмбебап қызметтерді субсидиялауды сақтаған дұрыс деп ойлаймыз, - деді депутат Айзада Құрманова.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бұл ескертуге келісетінін айтты.

Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ауылдың жағдайын ойлап, әріптесінің ұсынысын қолдауға шақырды.

- Шынын айту керек, қазір ауыл емес, қаланың өзінде интернет нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс бар, ол телефон. Қазір оған ауыл тұрғындары айына 670 теңге төлейді. Ал субсидия алынып тасталса, бұл сома екі-үш есеге өседі. Халық оны қалай төлейді? Неге оны ойламайсыздар?, - деді Нұрлан Нығматулин.

Оның айтуынша, "Қазақтелеком" заңның бұл нормасы енгізілсе, 630 мың абонент бойынша телефон тарифі өсетінін хабарлаған.

- Бұл ауылдардағы барлық абоненттің 98 пайызын құрайды. Монополист тарифті көтеруге мәжбүр болатыны түсінікті. Бұл тұтынушылар үшін байланыс қызметінің қымбаттауына әкеп соғады. Осының салдарынан ауыл тұрғындары жалғыз байланыс көзінен айырылуы мүмкін. Себебі,  оларда басқа балама коммуникация құралы жоқ, - деді төраға.

Нығматулин үкімет пен "Қазақтелекомға" ауыл тұрғындарының қалтасына салмақ түсірмейтін шешім қабылдау керектігін айтты.

«Бойлары ұзын, сұлу»: БАӘ-ден жеткізілген қазақстандық қыздар үйлеріне қайтарылуда
Түркістан: "ANTICOR.LIVE" жобасының тікелей эфирінде қылмыстық іс бойынша ұсыным қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу