Халықтың кредиті кешіріле ме: Мамандар жауап берді

Oinet.kz 20-09-2020 757

Тура бір жыл бұрын дәл осы уақытта Тоқаев тапсырған кредиттік рақымшылық науқаны аяқталып жатқан еді. Ол кезде қиын жағдайға тап болған көптеген адамның 300 мың теңгеге дейінгі қарызы кешірілген. Несиенің айыппұлдары мен өсімпұлдарын да алып тастады. Осы жолы коммунист депутаттар тағы кредиттік рақымшылықты өткізу керек деп санайды. Себебі, коронавирустың салдарынан халық қайтадан қиын жағдайға тап болды. Осы орайда отандық экономистер де кредиттік рақымшылықтың тиімділігі туралы айтып берді.

image.png

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық мемлекетте халықтың несиелерін толығымен кешіруге мүмкіндік жоқ деп санайды. Себебі, бүгінде тұтынушылық кредиттердің көлемі аз емес. 

"Өткенде тұтынушылық несиелердің жалпы көлемі 4,5 триллион теңге болған. Жалпы биылғы бюджет шығындары 14 триллионға жетті. Демек, халықтың қазіргі кредиттері соның үштен бір бөлігі болып тұр ғой. Ал шығындардың ішінде жол жөндеу, аурухана мен мектеп салу, әлеуметтік төлемдер және тағы басқа қаржы түрлері бар. Осының бәрін тоқтатып қойып, несие кешірген қисынсыз. Мемлекетте тұтастай халықтың кредитін кешіріп тастауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкімет ондай қадамға бара алмайды", - дейді ол. 

Сарапшының ойынша, кредит алғандардың көбісі қаржыны тойға, смартфон немесе тұрмыстық техника алуға жұмсаған. Енді осы кредиттердің бәрін бюджет есебінен жауып тастаған дұрыс емес. Дегенмен, үкімет бұған дейінгі рақымшылық сияқты қарыздың бір бөлігін кешіруі мүмкін. 

"Менің ойымша, үкімет осы жолы да кредиттік рақымшылыққа баратын сияқты. Алайда өткен жылдың көлемі болатын шығар. Одан сәл көбірек болуы да мүмкін. Мысалы, былтыр 300 мың теңгеден жалпы 105 миллиардтың кредиті кешірілсе, осы жолы 200 миллиардтан аса қоймайтын секілді", - деді Мақсат Халық. 

Ол мамандар осы бастаманың саяси астары да бар деп санайтынын атап өтті. Себебі алда – мәжіліс сайлауы. Саяси доданың алдында партиялар ұпай жинауға тырысады. Үкімет те өз беделін түсірмеуге күш салады. 

"Иә, үкімет ұпай жинау үшін осы бастамаға баруы мүмкін. Бірақ экономист ретінде айтарым, ондай шараны өткізген дұрыс емес. Өйткені, мемлекет халықтың кредитін кешіре берсе, халық оған үйреніп қалады. "Бәріне бірдей кешірсін!" деген талап қояды. Солай, адамдар несиесін төлемей жүре береді", - дейді экономист.

Мақсат Халықтың ойынша, жас ұрпақ та "кредит алуға болады екен, артынан оны мемлекет жауап береді" деген көзқараспен өседі. Болашақта ондай психологияның салдары көп болады, дейді сарапшы. 

"Мысалы, Грузия халықтың кредитін 500 миллиард теңгеге кешірді. Сонда былтыр біз кешірген сомадан бес есе көп болып тұр ғой. Алайда Грузияның кешірген кредиттері ұзақ уақыт бойы төленбей қалған проблемалық қарыздар екен. Соның бәрін банктің есепшотында ұстаған тиімсіз. Сондықтан бәрін кешіре салған", - деп атап көрсетті Халық.    

Ulagat Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленов те кредиттік рақымшылықты өткізуге болады деп отыр. Алайда коммунистер ұсынған қаржы көздерін іске асырған қиын. Өйткені, олар артық табыс пен мұраға қалған мүліктің салығын арттырып, соның есебінен кредиттерді кешіруге болады деп санайды. 

Маңғыстау облысында дельтаплан құлады: Зардап шеккендер бар
Болат Өтемұратов пен Роза Рымбаева Алматы қаласының құрметті азаматы атағын алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу