​«Sirius Cup V» республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті

Oinet.kz 14-04-2022 872

2022 жылы  сәуір айының 9-10 жұлдызы Алматы қаласында «Тұран» университетінің 30 жылдығына арналған «Sirius» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «Sirius Cup V» республикалық пікірсайыс турнирі өтті. 

Screenshot_7.jpg

«Тұран» университеті Қазақстандағы алғашқы және ең ірі жеке меншік жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Іргесі 1992 жылы қаланған білім беру корпорациясының үздігі «Тұран» университетіне биыл 30 жыл толып отыр. Көпұлтты білім беру ордасында түрлі ұйымдар, интеллектуалды клубтар мен озық дәстүрлер қалыптасқан.  Университет өмірінде ойып тұрып орын алған «Sirius» интеллектуалды пікірсайыс клубы 5 жыл ішінде көптеген мықты дебат ойыншыларын дайындап, республика көлемінде біршама жетістікке жетіп үлгерді. 

Республикалық көлемде ұйымдастырылған ауқымды  «Sirius Cup V» пікірсайыс турниріне 5 аймақтан 64 фракция, 128 пікірсайысшы қатысты. Спикерлер бүгінгі күннің өзекті қарарларының аясында бақ сынасып, дебат сүйер қауымға нағыз ойынды көрсетті.  «Тұран» университетінің мерейтойына арнайы жасалған турнирде жүлде қоры 1 млн тенгені құрады. Талайларды артта қалдырып, өзінің шеберлілігімен 9 дебатер қомақты қаржыны иеленді.  Турнирдің нәтижелеріне келер болсақ:

1-орын және 300 000 теңге жеңімпаздары «Нархоз» университетінен «ДКА» фракциясы: Нұрсипат Нұрсұлтан, Маманов Нұрмұхамед. 

«Әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ студенттері Өмірзақ Нұрдаулет пен Кеңесбек Нұрсәт «Рик и Морти» атауымен жүлделі 2 орынды иеленіп,  200 000 теңге жеңіп алды.

Турнирдің  үштігінен көрінген Сүлеймен Демирел Университетінің студенттері, «Әлемнің күні әйелмен» фракциясының арулары Жеткергенова Жансая мен Әшім Мадина болды. Олар 3 орын сертификатымен марапатталып, 150 000 теңге иегері атанды.

Университеттің үлкен қуанышына бөлінген жүлделер  тек бұл емес. «Үздік талпыныс» номинациясына тігілген 80 000 теңгені  С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттері Сандыбек Әлібек және Бердихан Мұқасан иеленді. 

«Sirius CUP V»-тің  ең үздік спикері ретінде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенті Сандыбек Әлібек танылып, 60 000 теңгеге ие болды.

Сонымен қатар, Тұран-мүмкіндіктер мекені. 2022 жылдың 2-3 сәуір күні университет қабырғасында «Тұран» университетінің 30 жылдығына «Sirius» пікірсайыс клубы мектеп оқушылары арасында «Sirius Cup V» турнирін ұйымдастырды.  Өз қабілеттерін шыңдау мақсатында             «Sirius Cup V» атты республикалық пікірсайыс турнирінде еліміздің 6 аймағынан 64 фракция, 128 оқушы бақ сынады. Сайыс барысында еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелері талқыланып, оқушылар тарапынан түрлі жаңа идеялар айтылды. Республиканың жас пікірсайысшылары турнирдің көркін қыздырып, өз өнерлерін ортаға салды. Турнирдің жүлде қоры «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанович Алшановтың атынан «ректорлық гранттар» болды.

Алқалы аламанда алға шығып, ой жүйріктігі мен шешендігін ұштастыра білген Құлдыбаев Алишер мен Итегулов Ақылжан «Бас жүлдені» еншісіне қанжығалап, «Тұран» университетінің 4 жылдық грантын иеленді. 

Асыл ойдың алтын қазығы болған, өз келешегінен үлкен үміт күттірер  Қадырхан Мадияр мен Айтқалиев Ердос жүлделі 2 орынға тоқтап, «Тұран» университетінде 2 жыл тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. 

Зеректігі мен алғырлығының, білімділігі мен парасаттылығының  арқасында Базарова Мадина және Нүсіпжан Мөлдір жүлделі 3 орынды иеленіп, «Тұран» университетінің 1 жыл грантын қанжығасына байлады. «Sirius Cup V» республикалық пікірсайыс турнирінде оқ бойы озып шығып «Ең үздік спикер» номинациясымен марапатталған  Серік Дильназ  «Тұран» университетінің 2 жыл грантын жеңіп алды.

Осылайша, «Тұран» университетінің 30 жылдығына арнайы «Sirius» дебат клубының ұйымдастыруымен мектеп кезеңінен бастау алған турнир 2 аптаға жалғасқан «Sirius CUP V» турнирі  өз мәресіне жетті. Барша қатысқан пікірсайысшыларға алғыс білдіреміз!

Тұранның тұғырлы тұлғасы биіктей берсін!

«Анамды вокзалға тастап кеттім»: Әйелінің сөзіне ерген қазақстандық қатты өкінетінін айтты
Ұлттық музейде «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» көрмесі ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу