"Балалары шетелде оқитын шенеунік": Жаңа ғылым министрі - Саясат Нұрбек жайлы не белгілі?

Oinet.kz 14-06-2022

11 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу туралы қаулыға қол қойған болатын. Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі атанса, жаңадан құрылған ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы лауазымына Саясат Нұрбек тағайындалды. Өзін саясат жолында да, білім саласында да сынап көрген жаңа министр жайлы не белгілі? Бұл жайлы Stan.kz тілшісі дайындаған материалдан оқып, біле аласыз.

Screenshot_1.jpg

Жаңа министрдің жүріп өткен жолы

Ашық деректердегі мәліметтерге сүйенсек, Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамыр күні Семей қаласында дүниеге келген. 

АҚШ-тағы Маршаллтаун колледжін саясаттану мамандығы бойынша, 2004 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін халықаралық заңгер мамандығы бойынша, 2006 жылы Римдегі La Sapienza университетін "Геосаясат және халықаралық қауіпсіздік" мамандығы бойынша, 2010 жылы Көкшетау қаласындағы "Көкше" академиясын психология бакалавры дәрежесімен бітірген.

АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония, Голландия елдерінен біліктілікті арттыру курстарынан өткен Саясат Нұрбек 2000-2001 жылдар аралығында Айова штатының (АҚШ) үкіметінде конгрессмен Марк Смиттің көмекшісі болып жұмыс істеген.

2002-2004 жылдары Қазақстанның жастар саясатын жүзеге асыруға белсене араласа бастайды. 2006 жылдың қараша айынан - "Қазына" Тұрақты даму қоры" АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, 2007 жылдың қыркүйек айынан - "Қазына" Тұрақты даму қоры" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болады. 

2008 жылдың ақпан айынан бастап ҚР президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінде кадрлық саясат секторының меңгерушісі;

2008 жылдың қазан айынан - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық ынтымақтастық және ғылым жөніндегі вице-ректоры;

2008 жылдың желтоқсан айынан - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-АҚ кадр саясаты және персоналды басқару жөніндегі атқарушы директоры; 

2009 жылдың мамыр айынан кадрлық саясат және персоналды басқару департаментінің директоры;

2009 жылдың қыркүйек айынан - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры қызметін атқарады.

2010 жылдың қарашасынан 2013 жылдың қыркүйегіне дейін Білім және ғылым министрлігінің "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті болады.

2013-2015 жылдары "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры болып жұмыс істейді. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы болды.

2016 жылдың шілде айынан бастап "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры, басқарма мүшесі болады.

Сонымен қатар 2019-2022 жылдар аралығында BTS Education директоры, Қазақстанның жаңа кәсіптер атласы жобасының менеджері, National Geographic Қазақстан ізгі ниетті елшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі қызметтерін қатар атқарады.

"Білім жүйесінде айтарлықтай ақаулар бар"

Саясат Нұрбек депутат болып тұрған шағында Қазақстандағы білім жүйесін сынайды. Оның сөзінше, орта білім берудің қазіргі үлгісі арнайы лицей түлектері мен қарапайым мектеп түлектерінің білім деңгейінде үлкен алшақтыққа алып келеді.

"Зиянды әдеттер, алкогольді тұтыну, тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл мәселелердің тұтас жиынтығы орта білім беру моделін тығырыққа тіреп тұр. Бұл үлкен олқылық, оның ішіне дайындық, түсіну, тұщымдау, функционалдық сауаттылық деңгейі кіреді. Және бұл олқылық үлкен әлеуметтік және экономикалық алшақтық тудырады", - дейді Нұрбек бір сұхбатында.

Саясат Нұрбек бала тәрбиесіне келгенде ата-анасы өзінің өмірлік ұстанымын балаға таңуға тырыспауы керек екенін баса айтқан.

"Мен оқу процесінде өзімді өте қатты шектеуге тырысамын, әр түрлі шектеулерден аулақ боламын. Әрбір бала – тұлға. Мен балаларымның жауапкершілікті біреуге аудара салуына ешқашан жол бермеймін. Олар жауапкершілік барын және салдары болатынын анық түсінуі керек. Әкесін, анасын, үкіметті, бағдаршамды, мұғалімдерді, көлікті кінәлаудан ешнәрсе өзгермейді. Біздің міндетіміз - артық нәрсені аздап жойып, ішкі әлеуеттің жетілуіне және ашылуына мүмкіндік беру. Осылай істей алсақ ғана, ата-ана ретінде құрмет пен мақтанға лайықпыз", - дейді министр.

Жаңа министрдің тарапына айтылған сындар

Саясат Нұрбек жаңа лауазымға тағайындалмай тұрып оған қарата айтылған сындар да аз болмады. Белгілі журналист Гүлбану Әбенова жаңа министрдің балалары шетелде, анығырақ айтсақ, Кипрдегі мектепте оқитынын айтып, шенеуніктің жыл сайын олардың білімі үшін 9 млн теңге төлейтінін жазған.

Ал бұдан бір жыл бұрын балаларының шетелдегі оқу ақысы туралы Саясат Нұрбектің өзі жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында айтқан.

"Кипрдегі үш баламның білімі үшін 7 млн теңге төлеймін, бұл барлық жеңілдіктерді қосқандағы баға", - деген ол.

Тағы бір журналист Азамат Майтанов Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында Алматының ішкі саясат басқармасын басқарған Саясат Нұрбек оппозиция өкілдерін қудалап, митингілерді таратуға жауап бергенін жазады. Осылай деген журналист бұрынғы қызметінде түсірілген жаңа министрдің суретін қоса жариялады.

Screenshot_2.jpg

Бұнымен қоса журналист Михаил Козачков ғылым министрі болып сайланған Саясат Нұрбектің кезінде мемлекеттік қызметке қабылданар алдындағы тестті тапсыра алмағанын еске алады.

Жаңа министр білім жүйесіне қандай өзгеріс алып келмек?

Жаңа министрдің еліміздегі білім жүйесіне қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар алып келетінін түсіну үшін, бұған дейінгі сұхбаттарын саралап шығайық.

Саясат Нұрбек бұған дейінгі бір сұхбатында жаңа Қазақстанда ғылым саласын қандай өзгерістер күтетінін айтқан.

"Жаңа Қазақстан" ғылыми Қазақстан болуы керек. Ғылымды бағаламаған, түсіне алмаған кезде біз қазіргі жағдайға жетеміз. Мәселен, біздің басшылар қиын жағдайда, себебі бізде сценаристика жоқ, бір шешім қабылдау үшін оның салдары, қауіп-қатері қандай болатынын білмейміз. Қазір бізде шешімді шешу үшін жоспарлай білу қабілетіміз бірнеше аймен, әрі дегенде бір жылмен ғана шектеледі. Сондықтан ғылымға ден қоюымыз керек. Ал дамыған елдер 20, 30, 50 жылдық страгетиямен өмір сүреді", - деген ол.

Саясат Нұрбек бүгінгі күні бұрын естіп-білмеген мамандықтар пайда болып жатқанын айтқан.

"Мәселен, соңғы жылдары елімізде SММ, PR, маркетологтар деген мамандықтар сұраныс жоғары болып отыр. Алайда бұл мамандықтар біздің елімізде еш жерде оқытылмайды, тіпті бакалавриат та жоқ", - деген жаңа министр.

Нұрбек қазіргі уақытта ұстаздардың басты бәсекелестері - Instagram, Tik-Tok, Netflix, Marvel, Disney, Youtube желілері болғанын атап өтеді. Оның басты себебі бала мұғалімнің айтқанына қанағаттанбайды деген ол, одан гөрі аталған желілердегі толассыз ақпарат ағынын оқуға құштар екенін айтқан.

"Соңғы жылдары "Нобель" сыйлығын алған тұлғалар туралы ақпарат іздесеңіз, олардың дені — нейробиология, нейропсихология, нейрофизиология салаларын зерттегендер. Сол себепті қазіргі ұстаздар алдымен балалардың нейрофизиологиясын зерттеп, ойын арқылы олардың сабаққа деген назарын аудартуы керек. Сөздің қысқасы, ұстаздар балалардың сабаққа деген қызығушылығын тудыру үшін  ақпаратты, білімді ойын арқылы беруі керек. Сондай-ақ қазіргі ұстаздар педдизайн әдістерін көбірек меңгеруі керек", - дейді Саясат Нұрбек.

Еркекке тұрмысқа шыққан Амилайдың шын аты - Абылай екен
Некені заңдастыру мерзімі 1 күнге дейін қысқарады


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×