Мәдениет және спорт министрі Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді

Oinet.kz 26-07-2019 1019

Screenshot_4.jpg

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. Министр іссапар барысында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Сапар орталығы және Қожа Ахмет Ясауи музейінің құрылыс жұмыстарымен танысты. 

Түркістан қаласында тұңғыш рет бой көтеріп жатқан Сапар орталығының ерекшелігі мен маңызына тоқталған министр ғимаратты музей жабдықтарымен  қамтамасыз ету және туристерге ыңғайлы орта қалыптастыру мен экспозициялық залдарды жабдықтау бойынша министрлік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.

Ортағасырлық Күлтөбе қалашығындағы 4 гектарға жуық аумақта жүргізіліп жатқан  археологиялық қазба жұмыстарымен танысқан министр зерттелген аумақтарға дер кезінде консервация және реставрация жұмыстары жүргізілуін тапсырды. Сондай-ақ, Күлтөбе қалашығының цитаделіндегі жабынды ауыстыру жөнінде арнайы тапсырмалар жүктеді.

 «Күлтөбе» қалашығындағы ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстары ескерткіштің барлық тарихи кезеңдерін анықтап, нәтижесінде қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыруға бағытталған.

Қазіргі Түркістан қаласының түп тарихын зерттеу - тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Қаланың осы кездегі тарихын зерттеу арқылы төл мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің қыр-сырларын тануға болады.

Мұнда ел тағдырын шешкен мәслихаттар өткен, хан сайлаған құрылтайлар болған. 

  «Күлтөбе» қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай - 350 метр жерде орналасқан. 

Ақтоты Рахметоллақызы Түркістан қаласына жасаған сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына тағзым етті.

Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және  Рәбия Сұлтан Бегім ана кесенесі мен сегіз қырлы сағана, цитадельдің ортағасырлық көшесінде жүргізілетін қайта жаңарту және музейлендіру жұмыстарын пысықтады.

Сонымен қатар,  7 мың орынға шақталған стадион және олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, драма, театр мен кітапхана, "Ұлы дала елі" орталығының да құрылыс жұмыстары және нысандарды білікті кадрлармен толықтыру мәселелері бойынша нақтылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК баспасөз қызметі

Шатқалда есімі мәңгілікке қалды
740 жұмыскердің 107 млн. теңгеге жалақы қарызы өтелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу