«QAZAQ UNIVERSITETI» газетінің жарық көргеніне 75 жыл толды

Oinet.kz 12-12-2023 444

Бүгінгі оқиға – ертеңгі тарих. Оны газет бетіне жарияласа, ешқашан ұмтылмайды. Айлар аунап, жылдар жылжыған сайын оның құндылығы арта береді. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихын тасқа қашап жазып жатқан «Qazaq universiteti» газетіне 75 жыл толып отыр. Бүгін айтулы датаға орай, университет қабырғасында «Media University» студенттік сapstone өтті.

409968722_6904444159650837_1286797753483859078_n.jpg

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, БҰҰ ҚР Жаһандық коммуникациялар департаменті - БҰҰ Алматыдағы ақпарат бюросы басшысы, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры өкілі, «Қазақ газеттері» ЖШС басшылығы, сонымен қатар газетті әр жылдары басқарған редакторлар, журналист-оқытушылар мен студенттер қатысты. 

Гибридті (офлайн-онлайн) шараны модератор – журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев өзі басынан аяғына дейін жүргізіп отырды. 

Шараны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма мүшесі - Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, университеттің 90 жылдық мерейтойы қарсаңындағы айтулы шараға қатысқаны үшін барлық қатысушыларға ұжым атынан ризашылығын білдірді. 

Одан кейін БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі – Алматыдағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов (онлайн), Словакиялық экономика университетінің профессоры Владимир Бачишин (онлайн), «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директордың орынбасары - Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш қатысып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді. 

408926636_6904430909652162_3259362463547819896_n.jpg

«Qazaq universiteti» газетінің негізгі бағыты – университеттің мәдени-көпшілік орындарында және факультеттерінде өтіп жатқан басты-басты жаңалықтармен қызметкерлерін, ұстаздар мен студенттер қауымын таныстырып отыруға бағытталған. 

«Qazaq universiteti» газетін әр жылдары басқарған Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессорлары Сағымбай Қозыбаев, Дандай Ысқақ, Сағатбек Медеубекұлы, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасынан Александр Рожков, Бекжан Әшірбаев және Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Дәрмен Смайыл ең қызықты да мазмұнды пікірлерді ортаға тастап, жиынның мән-мағынасын арттыра түсті. 

410026368_6904439436317976_7286840404275987179_n.jpg

Сонымен қатар, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаеваның ұйымдастыруымен өткен Сapstone кезінде студенттер (Аружан Ағыбаева, Аднан әл-Хаттаб, Эльдар Кохан, Назерке Әбілқасымова, Ролан Біржан, Қосқанат Бауыржан, Саят Тілеміс, Бағлан Тұрғанбек) «Qazaq universiteti» газеті туралы ғылыми жобарын, бейне роликтері мен зияткерлік ойындарының нәтижелерін паш етті. 

Айта кетейік, шара барысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің үнжариясы «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған университет өмірі мен газет тынысына арналған кітап, баспасөз және фотокөрмесі ұйымдастырылды. 

Дәурен Мақсұтханұлы, 

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы, докторант.

Қызылордада 61 жастағы мұғалім оқушыларға азғындық жасады деген күдікке ілінді
Карьерасындағы ең қомақты гонорар: Рахмонов Томпсонды жеңгені үшін қанша алды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу