Қазақстанда алғашқы көміртекті агроклиматтық полигон «Kaz Agro Carbon» құрылды

Oinet.kz 31-10-2025 16

«А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС базасында еліміздегі алғашқы көміртекті агроклиматтық полигон – «Kaz Agro Carbon» ашылды.

Screenshot_3.jpg

Ашылу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының, Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сарапшылары, Ганновер университетінің ғалымдары, ғылыми және білім беру ұйымдарының басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері, отандық және шетелдік зерттеушілер, сондай-ақ фермерлер қатысты.

Жоба Қазақстан мен Ресей Ауыл шаруашылығы министрліктерінің және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен, отандық және шетелдік ғалымдардың, ауыл шаруашылығы құрылымдары, салалық ұйымдар басшыларының қатысуымен жүзеге асырылуда.

Полигонның ашылуы қазақстандық-ресейлік агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар орталығының қызметі шеңберінде өтті. Ол ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Ресей ғылым академиясының Агроэкология федералдық ғылыми орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында құрылған болатын. Көміртекті полигондарды құрудың мақсаты – топырақтағы көміртекті басқару, парниктік газдар шығарындыларын азайту және аграрлық сектордың климаттық тұрақтылығын арттыру салаларында Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми ықпалдастықты нығайту.

«Kaz Agro Carbon» полигоны көміртек теңгерімін өлшеу, модельдеу және басқару бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге арналған пилоттық алаңға айналады. Екі елдің ғалымдары Солтүстік Қазақстан экожүйелерінде көмірқышқыл газының шығарылуын азайту және сіңірілуін арттыруға бағытталған инновациялық технологияларды әзірлеп, енгізуді жоспарлап отыр.

«Көміртекті агроклиматтық полигон «Kaz Agro Carbon»-ның құрылуы – тұрақты ауыл шаруашылығының жаңа моделін қалыптастыру жолындағы стратегиялық қадам. Бұл жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытып, агроөндірістегі көміртек ізін азайтуға бағытталған тәжірибелік шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді», – деді Ұлттық агроөнеркәсіптік ғылыми-оқыту орталығының Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов.

«Көміртекті полигон – ғылым, инновация және нақты өндірісті біріктіретін алаң. Ол топырақтың құнарлылығын сақтауға, ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеуге және көміртек теңгерімін басқарудың ұлттық жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Бұл – Қазақстанда климатқа бағытталған егіншілікті дамытудың маңызды қадамы», – деді «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Басқарма төрағасы Тимур Савин.

Шардарада мектеп оқушысы дене шынықтыру сабағынан кейін көз жұмды
В Казахстане создан первый карбоновый агроклиматический полигон «Kaz Agro Carbon»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу