"Рэкетир" фильмінің жұлдызы Мұрат Бисембин өмірден өтті
Ауыр дертке шалдыққан “Рэкетир” фильмінің жұлдызы Мұрат Бисембин 54 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Қаралы хабарды өнер иесінің қызы әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
Мұрат Бисембин 1972 жылы 11 қазанда Қызылордада дүниеге келген. Ол политехникалық институтты “ауыл шаруашылығының инженер-механигі” мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Алматыдағы Өнер академиясын бітірген. Экрандағы дебюті қазақ-ресейлік “Каждый взойдет на Голгофу” сериалындағы эпизодтық рөлден басталды. Кейін “Рэкетир” фильмінде Руслан болып ойнап, Қазақстан көрермені арасында кеңінен танылып, үлкен танымалдыққа ие болды. Сондай-ақ ол “Томирис”, “Барлық әлем біздің аяқ астымызда”, “Книга легенд: Таинственный лес”, “Ағалар”, “Брат или брак”, “Сіз кімсіз, Ка мырза?” және басқа да көптеген фильм мен сериалдарда ойнаған.
2024 жылғы күзде Мұрат Бисембинге ұйқыбезі қатерлі ісігі диагнозы қойылып, ем қабылдаған. Денсаулығына байланысты актер жобалардан бас тартып, түсірілімдерді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Былтыр желтоқсанның соңында актер инсульт алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Оған дейін отбасы оның бірде жақсарып, бірде күрт нашарлап отырғанын, жағдайы тұрақсыз екенін айтқан еді. Соңғы бір жарым жылда Мұрат Бисембин ауруханадан шықпай, ем қабылдап жүрген.


