Композитор Баянсұлудан 150 мың доллар сұраған ба?
Әнші Bayansulu (Баянсұлу Сағындықова) мен композитор Қуат Әбіл арасындағы авторлық құқық төңірегіндегі текетірес жаңа мәліметтермен толықты. Әнші композитордың айыптауларын жоққа шығарып, бұл іске бұрынғы продюсері Әлішер Бурхановтың да қатысы бар екенін мәлімдеді.
Баянсұлудың айтуынша, ән үшін ақы төлеуден ешқашан бас тартпаған. Алайда келісілген бағаның кенеттен үш есе өсіп кеткеніне наразы.
Әнші бұрынғы продюсерімен жұмысын тоқтатқан сәтте Қуат Әбіл әндердің авторлық құқығы өзінде екенін алға тартып, әр туындыны 30 мың долларға сатып алуды талап еткен. Ал композитор Баянсұлуға 5 ән тарту еткен. Әр әнінің құны 30 мың доллар болса, онда барлық ән 150 мың доллар болуы әбден мүмкін.
«Әрине, бұл өте үлкен сома, менде ондай ақша болған жоқ. Сондықтан «өшіре беріңіз» деп айттым. Содан кейін әндер YouTube-тан өшіп кетті», – дейді әнші.


